Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-5
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Бейруттегі жарылыс туралы не білеміз?

443
Сурет: Wael Hamzeh / EPA / ТАСС

Сейсенбі күні кешке Ливан астанасы Бейрутта күшті жарылыс болды. Нәтижесінде ондаған адам қайтыс болып, мыңдаған адам жарақат алды. Тағы жүздеген адам хабар-ошарсыз кетті. Қалада құтқару, атап айтқанда үйінділерді аршу жұмыстары жүргізілуде.

Жарылыс бірнеше жыл бойы тәркіленген жарылғыш заттар жиналған порт қоймасымен байланысты. Жергілікті билік тергеу ісін бастап, залалдың шығынын бағалауға тырысуда. Әлемдік көшбасшылар мен халықаралық ұйымдар елге түрлі көмек көрсетуде.

Қазіргі сәтте Бейруттегі апат туралы белгілі деректерді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Не, қайда, қашан?

Жарылыс жергілікті уақыт бойынша 18:07-де порт пен Бейруттың орталық ауданына жақын жерде болды. Мұндағы аудандарда халық тығыз орналасқан және көптеген туристік орын бар.

Жақын маңдағы көрнекті орындар:

  • Шейіттердің тарихи алаңы;
  • Геммайзе және Мар-Михаэль аудандары әйгілі Бейрут барларымен;
  • Мұхаммед әл-Амин мешіті;
  • Гранд Серай, үкімет сарайы;
  • Баабда сарайы, Ливан Президентінің ресми резиденциясы.

Түрлі көздерден алынған мәліметтерге сүйенсек, жарылыс эпицентрінен 10 км қашықтықтағы үйлер зақымдалған.

Оның

жаңғырығы Бейруттен 240 км жердегі Кипрге дейін жеткен. Бұл жерде жарылысты күші 3,3 балдық жер сілкінісі ретінде тіркеген

Қанша адам құрбан болды?

Қызыл Крестке сілтеме жасай отырып, мемлекеттік ұлттық ақпарат агенттігінің (NNA) хабарлауынша, жарылыс салдарынан кемінде 100 адам қаза тауып, 4000-нан астам адам жарақат алды.

Қаза тапқандардың саны артуы мүмкін деп күтілуде. Reuters сәрсенбіде таңертең ұлттық телеарналардың біріне телефон арқылы түсініктеме берген Денсаулық сақтау министрі Хамад Хасанның сөзін келтіреді.

COVID-19-дың екінші толқыны күзде болады, біз дайындықты бастадық — Алексей Цой

«Көп адамдар хабарсыз кетті. Адамдар жедел жәрдем бөлімінен жақындары туралы сұрастыруда және электр қуаты жоқ болғаннан түнде іздестіру жұмыстарын жүргізу қиынға соғып отыр. Біз нағыз апатқа тап болдық және зақымдану дәрежесін бағалау үшін уақыт қажет», —деді министр.

NNA мәліметтері бойынша, қайтыс болғандардың арасында Kataeb саяси партиясының Бас хатшысы Назар Наджарян бар. Ол жарылыс болған кезде кеңсесінде болды және ауыр жарақат алып қайтыс болды.

Бейрут муниципалитетінде жұмыс істейтін кем дегенде 10 өрт сөндіруші хабар-ошарсыз кетті, деді қала губернаторы Марван Аббуд.

Кем дегенде бір австралиялық қаза тауып, Австралия елшілігінің ғимаратына «үлкен қауіп төнді», — деді Австралия премьер-министрі Скотт Моррисон.

Филиппиннің екі азаматы да жарылыстан қайтыс болды, тағы сегіз адам жарақат алды, деп хабарлады Бейруттағы Филиппин елшілігі. Филиппиндік он бір теңізшісі хабар-ошарсыз кетті.

Қазақстан елшілігінің ғимараты да қатты зардап шекті. Қаза болғандар жоқ, бірақ консул жеңіл жарақат алды, деп хабарлады ҚР СІМ

Тағы үш елдің билігінің мәліметінше, Жапонияның бір азаматы, бір индонезиялық және алты түрік азаматы зардап шеккен.

Ливандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша күштерінің кейбір бітімгерлері ауыр жарақаттармен ауруханаға түсті, бірақ жараланғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Жарылысқа не себеп болған?

Жарылыстың себептері туралы хабарламалар қарама-қайшылыққа толы. Атап айтқанда,  петард жүгі тиелген танкер туралы бірен-саран сөз болды.

Кейін Ливан премьер-министрі Хасан Диаб жарылыс аммоний нитраты бар қоймадағы өрттің салдарынан болғанын айтты. Оның айтуынша, соңғы алты жыл ішінде порт қоймасында 3000 тоннаға жуық жарылғыш материал «алдын-алу шараларынсыз» сақталған.

Сондай-ақ, премьер-министр қоймадағы өрттің себептерін тергеу барысында «2014 жылы адамдар тұратын ауданға жақын жерде қауіпті қойманың салынуына» жол берген адамдар анықталып, жазаланады деп мәлімдеді.

«Мен болған оқиғаға кінәлілерді тапқанша, оларды жауапқа тартып, ең қатаң жаза қолданғанға дейін тынышталмаймын», —деді ол.

Алайда, CNN-ге берген түсініктемелерінде американдық сарапшылар жарылыстың туындауына аммоний нитраты себеп болмауы мүмкін деді.

АҚШ үкіметі жанындағы ATF-тің бұрынғы жарылғыш тергеушісі Энтони Мэй жарылыстан кейін көктегі бұлттың түсіне қарағанда, басқа қосылыстар бар деген болжам жасады

Таяу Шығыста үлкен тәжірибесі бар ЦРУ-ның бұрынғы қызметкері Роберт Баер «бұл қызғылт сары (отты) доп» әскери кластағы жарылғыш заттың болуы мүмкін екенін көрсетті деп атап өтті.

Аммоний нитраты дегеніміз не?

Аммиак селитрасы (AN) аммиак пен азот қосылысы, ауылшаруашылық тыңайтқыштарында және бомба өндірісінде қолданылады.

АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің мәліметінше, AN-ге байланысты апаттар сирек болады. «Таза» қатты АН өте тұрақты, бірақ егер қоспа кез  келген ластаушы заттармен араласса, тіпті аз мөлшерде болса да, ол детонацияға бейім болады. Сондықтан амиак нитратын өңдеуге және сақтауға қатысты қатаң нұсқаулар бар.

«Жалпы, AN сақтау шарттары оның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін өте маңызды. AN-мен бір жерге қойылған немесе сақталған материалдар оның жарылысқа сезімталдығында  әсер етуі мүмкін», — делінген 2019 жылғы EPA нұсқаулығында.

Бір доллардың құны 500 теңге — 2020 жылдың соңына дейін бұл сценарийдің орындалуы мүмкін бе?

Мысалы, нұсқаулықта AN отынмен, органикалық материалдармен, хлоридтермен немесе металдармен бірге сақталмауы керек делінген. Сондай-ақ, қойма бөлмесінің қабырғалары отқа төзімді болып,  ең бастысы — температураны қатаң бақылау керек.

AN жанбайды, бірақ жылу әсерінен ол еруі мүмкін, бұл жарылысты тудыруы мүмкін жанғыш улы газдардың бөлінуіне әкеледі.

1947 жылы сәуірде аммоний нитраты тиелген кеме Техас-Ситиде тұрақ кезінде жанып кетті. Техас тарихи қауымдастығының веб-сайтына сәйкес, өрт жарылыс пен қосымша өрттерді тудырды, нәтижесінде 1000-нан астам ғимарат бұзылып, 400-ге жуық адам қайтыс болды. Кеме бортында 1000 тоннаға жуық зат болған.

1995 жылы Оклахома-Ситидегі террорлық шабуыл кезінде тек екі тонна аммоний нитраты қолданылды. Нәтижесінде 169 адам қаза тауып, 467 адам жарақат алды.

Қандай шаралар қабылдануда?

Жарылыстан бірнеше сағат өткен соң билік пен гуманитарлық ұйымдар іздестіру-құтқару жұмыстарын бастады. Ливан Президенті Қарулы Күштерге апатқа жауап беруді және қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін зардап шеккен аудандарды күзетуді бұйырды.

Ливан жарылыстың салдарын жоюға 100 миллиард Ливан фунтын (шамамен 66,335,000 доллар) бөлді, деп хабарлады Ливан Президентінің Twitter-дегі аккаунты.

ЮНИСЕФ пен Қызыл Крест жедел қан тапсыру пункттерін ашты. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, жарылыстан кейін зақым келген төрт аурухананың жұмысы тоқтаған. Қалған ауруханалар лық толы.

Ливанның Қызыл Кресті 1000 отбасын 72 сағатқа қабылдау үшін гигиеналық жиынтықтар және қажетті заттар бар бірнеше уақытша баспаналар құрылғанын айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ливан билігімен «тығыз жұмыс істейтінін» атап өтті.

АҚШ президенті, Австралия премьер-министрі және Ресей президенті қолдау білдіріп, көмек берді. Ресей Бейрутта далалық госпиталь құру үшін медициналық жабдықтары бар бес ұшақ пен дәрігерлер тобын жіберді. Бұл туралы ТАСС агенттігі Ресей ТЖМ-ге сілтеме жасап хабарлады.

Франция президенті де Ливанға көмек жібергенін айтты. Израиль ресми түрде гуманитарлық көмек көрсетті.

Египет сыртқы істер министрлігінің өкілі Бейруттағы Египет далалық ауруханасы зардап шеккендерді қабылдай бастағанын айтты.

Таяу Шығыс көршілері, оның ішінде Катар, Кувейт, БАӘ және Ирак Ливанға далалық ауруханалар, дәрігерлер мен дәрі-дәрмектер жібереді, деп хабарлайды NNA мемлекеттік агенттігі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз