ҚР ІІМ Ұлттық ұланының авиациясында қызмет атқарған Ан-26 әскери-тасымал ұшағы әскер сапындағы қызметін аяқтады. Қазақстандағы осы типтегі соңғы әскери ұшақ болған Ан-26 өзінің соңғы ұшуын орындады.
1992 жылдан бастап Ан-26 Ұлттық ұланының авиациясы құрамында қызметін жалғастырды. Осы уақыт ішінде ұшақ әскери қызметшілер мен жүктерді тасымалдауға және басқа да қызметтік міндеттерді орындауға тартылды.
Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған әуе кемесі әскери қызметшілер мен жүктерді сенімді тасымалдап, қызметтік рейстерді орындауға әрдайым дайын екенін көрсетті. Сонымен қатар Ан-26 заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, ИКАО стандарттарына сәйкестендірілді. Бұл оның Қазақстан аумағында ғана емес, жақын шетел мемлекеттеріне де ұшуына мүмкіндік берді.
Ұлттық ұлан авиациясындағы қызметі барысында Ан-26 8400 сағат ұшты. Ал жалпы алғанда әуе кемесінің қызмет жолы 44 жылға созылды.
Ұшақтың соңғы рейсі оны ұзақ жылдар бойы басқарған экипаж үшін де айрықша мәнге ие болды. 3656 әскери бөлімінің ұшқышы, подполковник Медет Сейтов аталған ұшақ түрін 15 жылдан бері тізгіндеп келеді. Ол – экипаж құрамындағы осы типтегі әуе кемесінің соңғы ұшқыш-нұсқаушысы. Сондықтан Ан-26-ның соңғы ұшуынан кейін экипаж мүшелері ұзақ жылдар бойы бірге қызмет атқарған әуе кемесімен қимай қоштасты.
Ан-26-ның пайдаланудан шығарылуымен Қазақстан әскери авиациясындағы осы типтегі ұшақтардың қызмет тарихы аяқталды. 44 жылдық «еңбек өтілі» мен 8400 сағаттық ұшу уақытын артқа қалдырған әскери-тасымал ұшағы енді жауынгерлік қызмет атқармайды.