Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында балмұздақ пен тағамдық мұз өндірісі 57%-ке өсіп, 77,5 мың тоннаға жетті. Бұл былтырғы 12 айда өндірілген балмұздақтың жалпы көлемінен де көп.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жазда балмұздақ өндірісі рекордтық деңгейге жеткен. Әсіресе маусым айында өндіріс көлемі 20 мың тоннадан асып, мамыр айымен салыстырғанда екі есеге артқан.
«Ішкі нарықтағы сатылым да айтарлықтай өсті. Сегіз айда балмұздақ пен тағамдық мұзды өткізу көлемі 72,6 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61%-ке жуық жоғары», – деп жазды портал.
Қазақстандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі де артқан. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында нарық ресурстарының жалпы көлеміндегі отандық өнімнің үлесі 88,2%-ке жетті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,2 пайызға жоғары. Ал импорттың үлесі 11,8%-ті құрады.
«Өндірістің артуына кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейтуі әсер еткен. Өткен жылы Қазақстандағы ірі балмұздақ өндірушілердің бірі Алматы облысында құны шамамен 18 млрд теңге болатын жаңа фабрикасын іске қосты», – дейді мамандар.
Өндіріс көлемінің артуымен қатар балмұздақ бағасы да қымбаттаған. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өндірушілердің сату бағасы 9,5%-ке өсті. Ал тұтынушылар үшін балмұздақ пен шербеттің бағасы 16,9%-ке қымбаттады. Былтыр осы кезеңде баға 13,2%-ға өскен.