Қызылордада 14 жастағы жасөспірімнің қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға 1000 теңгеге қатысты жанжал себеп болуы мүмкін екенін айтады.
Марқұмның әпкесінің Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасына сәйкес, оқиға 2026 жылы 21 қазанда қаладағы орталық алаңда болған. Оның айтуынша, 14 жастағы інісі мен 13 жастағы танысының арасында жанжал туындаған. Дау барысында жасөспірімнің кеуде тұсына бұрауыш сұғылған. Алған жарақатынан ол оқиға орнында көз жұмған.
«2026 жылы 21 қазанда Қызылордада болған қайғылы оқиға отбасымызға орны толмас қасірет әкелді. Інімді өз анасының көз алдында жүрек тұсынан пышақтап, өмірін қиды. Ол ауруханаға жетпей, сол жерде көз жұмды», – деп жазды марқұмның әпкесі.
Марқұмның туыстары бұл іске бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін деп есептейді. Олар оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп, оған қатысы бар адамдардың әрқайсысына заң аясында баға берілуін талап етіп отыр.
Қызылорда облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қылмыстық іс «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қозғалған. Полицияның мәліметінше, кәмелетке толмаған күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша да қылмыстық іс тіркелген. Полиция бұл іс бойынша кімнің жауапқа тартылып жатқанын нақтылаған жоқ.
Ведомство тергеуді ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді. Қазір құқық қорғау органдары жанжалдың себебін, оқиғаның қалай болғанын және жасөспірімнің өліміне әкелген өзге де мән-жайларды анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге басқа ақпарат жарияланған жоқ.