Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
4
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Қазақ қазір қай елде өмір сүріп жатыр?

211

Мұның аты дәрменсіздік… Амалсыз көндігу. Іштей тыну. Жеңілетініңізді сезесіз. Себебі, сіз бас сұққан келесі жерде сізге дəл солай айтуы мүмкін…

Байқадыңыз ба, біздегі мерекерлердің барлығы орыс тілінде тойланады.

Біз қатысқымыз, көргіміз келетін шаралардың көпшілігі, анығында оны ұйымдастырушылар қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді керек қылмайды. Менсінбейді, болмаса, бұл туралы, тіпті, ойланбайды да.

Неге, білесіз бе? Себебі осы уақытқа дейін

Қазақстанда ешкім жəне ешқашанда мемлекеттік тілді білмегені үшін жұмыстан шығарылған жоқ.

Естіген жоқпыз, шынымызды айтайық. Бірақ, заң бар дейді. Бар-жоғы қазір маңызды емес. Бәрібір «бәріне түсінікті болу үшін» орысша сөйлейміз.

Өзің өмір сүретін елдің тілін түсінбеу, білуге талпынбау – бізде, біздің мемлекетте ғана қалыпты дүние.

14278357353_c19b815461_b

Негізінде, бұл трагедия. Бірақ оны кім түсініп жатыр? Ешкім де… Демек, түк өзгерген жоқ. Тəуелсіздік алған тұстағы ізгі армандарымыздың көпшілігі құр қиял күйінде қалды. Осы күйі кетсек, олар ешқашан орындалмауы мүмкін. Жоқ, бұл жылау емес. Шындық. Біздің балаларымыз да осы шындықтың куəсі. Өкінішті.

Тым құрымағанда, біздің балаларымыз қостілді, жоқ, бұл тым жеңіл айтқанымыз, анығында, айыртілді мемлекетте тəрбиеленбеуі керек еді. Мемлекет басқаша ойлайды, бірақ.

Қазіргі Қазақстанда орыс тілін білу міндетті. Ешкім міндеттеп отырмаса да өмірдің өзі осыған мəжбүрлеуде.

Биік мінберлерден “қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін” дейтін Үкімет шынтуайтында сол қазақпен қазақты қазақша сөйлестіретін орта қалыптастыра алмады. Қазақ тілі қажетсіз қалды. Біз мұны білмейді дейсіз бе? Білеміз. Көріп жүрміз. Мемлекеттік тілдің намысы аяққа тапталған талай оқиғаға куəміз.

Сенсеңіз, тəуелсіз Қазақстанда толыққанды қазақ тілінде өтетін мерекелер жоқтың қасы. Бəрі орысша…Орыстілді жүргізші, орысша тілектер, құттықтаулар. Ал қазақ тілі қайда?

«Мерекелер неге қазақ тілінде өтпейді?». Осы сұрақты бізге кішкентайымыз қойды. Бесіктен белі шықпаған баланың өзі қазақ тілінің қаншалықты қажетсіз қалғанын жақсы біліп тұр.

1 маусым Балаларды қорғау күнінде кішкентайымызды жетектеп саябаққа бардық. Алматыдағы Орталық саябақ адамға толы. Білесіз бе, əлі сол əуен…Кеңес одағының ескі мультфильмдерінің əуендері əлі ескірмепті. Жаны не деген сірі еді! Əлі шырқап тұр...

Қызыл империя əлдекімдердің көзінен кетсе де, ойынан өшпеген. Біздің балаларымыз, тəуелсіз ұрпақ “өлген империяның” осы бір əуендерін ойларында ештеңе жоқ, елітіп тыңдап жүр. Бұл да трагедия.

Қазақша тәрбиленген, қазақша сөйлейтін балаларға арналған мерекелік бағдарламалар неге жоқ? Әлде 1-маусым орыстілділерге арналған мереке ме? Оны бұлай кім бекітіп жүр? Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасы бұл туралы не ойлайды? Жалпы бұл туралы ойлана ма екен? Әлде, оларға да бәрібір ме?!


SONY DSC

 

Аль ФРЕДО

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз