Петропавлда мас күйде электрвелосипед басқарған 37 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 20 тәулікке қамалды.
Оқиға кешкі уақытта Воровской көшесінде болған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері электрвелосипед тізгіндеген Ақмола облысының тұрғынын тоқтатқан.
Ер адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Медициналық куәландыру оның алкогольдік мас күйде болғанын растады. Сонымен қатар оның көлік құралдарын басқару құқығы болмағаны анықталды.
Полиция мас күйде электрвелосипед басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертеді. Әсіресе қараңғы уақытта жылдамдықты шамадан тыс арттыру және қорғаныс құралдарын пайдаланбау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Тәртіп сақшылары азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтап, «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстануға шақырады.