Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
-2
USD
449
-2.08
EUR
504
-1.21
RUB
5.48
+0.03

Қарағанды облысында жылыту радиаторларын өндіретін жаңа зауыт іске қосылды

Жаңа өндіріс орнының ашылу салтанатына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ басқарма төрағасының инвестициялық қызмет жөніндегі орынбасары Ғаббас Ержанов және компанияның құрылтайшылары қатысты.

– Бұл жоба өңіріміз үшін бірнеше себеп бойынша маңызды. Кәсіпорын жыл сайын радиаторлардың шамамен 5 миллион секциясын шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, импорттық өнімнің үлесін азайтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар мұнда 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Алайда зауыттың маңызы өндіріс көлемімен ғана шектелмейді. Мұнда алюминий сынықтары мен қайталама шикізат өңделіп, дайын өнімге айналады. Бұл – қолда бар ресурстарды ұтымды пайдаланып, қалдық көлемін азайтуға әрі қосылған құнды еліміздің ішінде қалыптастыруға болатынын көрсететін нақты мысал, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі жыл басынан бері өңір экономикасын дамытуға 800 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғанын атап өтіп, жергілікті өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Ғаббас Ержанов инвесторларды жаңа зауыттың ашылуымен құттықтап, бұл өндіріс орны металлургия саласының өркендеуіне тың серпін беріп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенім білдірді.

Кәсіпорын басшысы Нұрсұлтан Жұмабектің айтуынша, зауыт алюминий өңдеу саласында ТМД елдеріндегі үздік үш кәсіпорынның қатарына кіреді. Өндіріс үдерісі бес негізгі кезеңнен тұрады: металды балқыту, жоғары қысыммен құю, механикалық өңдеу, бояу және қаптау.

Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған. Металды құю кезінде швейцариялық роботтандырылған кешен пайдаланылса, құрастыру және бояу жұмыстары италиялық өндірістік желілерде жүргізіледі. Әрбір радиатор жоғары қысыммен тексеріліп, оның герметикалығы толық бақылаудан өтеді.

— Біздің басты мақсатымыз — отандық құрылыс саласын барлық қажетті стандарттарға сай келетін сапалы қазақстандық радиаторлармен қамтамасыз ету. Біз ресурстарды ұтымды пайдалануға да ерекше көңіл бөлеміз. Қалдықтардың түзілуін барынша азайтуға мүмкіндік беретін балқыту технологиясын енгіздік. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында тұрмыста пайдаланылған алюминий құтылар мен құрылыс жұмыстары кезінде пайда болатын алюминий сынықтарын қайта өңдеуді қолға алдық, – деп атап өтті Нұрсұлтан Жұмабек.

Кәсіпорын өнімдері, ең алдымен, Қазақстанның ішкі нарығына бағытталған. Жылыту радиаторлары тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік нысандар құрылысында пайдаланылмақ. Таяу шетелдерге экспорт шығару да көзделіп отыр. Зауытты толық өндірістік қуатына шығару 2028 жылға жоспарланған.

Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңірде алюминий кластерін қалыптастыруға жол ашпақ. Бұл кластер қайталама шикізатты өңдеуді, алюминий қорытпаларын өндіруді және дайын бұйымдар шығаруды өзара байланыстыра отырып, өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу және білікті мамандар даярлау мақсатында жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз