Алматыдағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында босанған жас ананы бүгін жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Жетісу облысының Кербұлақ ауданында тұратын отбасыға үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Өңір басшысының атынан ата-ана мен сәбилерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады.
Шенеуніктің айтуынша, отбасыға Сарыөзек ауылындағы жаңа көпқабатты үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтер берілген. Баспананың ішінде жайлы өмір сүруге қажетті барлық жағдай жасалған.
«Альмира Алматыда болған кезде облыс әкімі оның жағдайын күн сайын сұрап отырды. Біз Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мамандарымен үнемі байланыста болып, ана мен балалардың жағдайын бақыладық. Бір мезетте төрт сәбиге күтім жасау көп күш пен назарды қажет етеді. Сондықтан Альмираға балаларды күтуге көмектесетін адам беріледі. Жалпы, сәбилердің дені сау болып өсіп, жақсы дамуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Марлен Көлбаев.
Кербұлақ ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылында тұратын отбасында бұған дейін үш бала болған. Ал төртемге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірх деп ат қойылған. 31 жастағы Альмира Бекеева Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ал күйеуі Олжас Бекеев жүк көлігінің жүргізушісі.
«УДЗ кезінде бірден төрт бала күтіп жүргенімді алғаш білгенде қатты қуандық. Әрине, төрт сәбиді бірдей көтеру оңай болған жоқ. Балаларым үшін уайымдап, қорықтым. Жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде кесарь тілігі жасалып, төрт сәби дүниеге келді. Операцияны ғылыми орталықтың директоры жасады. Балалар шала туғандықтан, алғашқы минуттарынан бастап дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір сәбилер жақсы салмақ қосты. Барлық қиындық артта қалып, үйге оралдық», – дейді жас ана.
Төртемнің атасы Қайрат Бекеев те отбасында бірден төрт немеренің дүниеге келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, Алматыда перзентханадан салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтіп, жерлестерінің қолдау көрсетуі отбасы үшін ерекше қуаныш болған.