Денсаулық сақтау министрлігі тым ыстық шай мен кофе ішу өңеш қатерлі ісігінің даму қаупін арттыруы мүмкін екенін ескертті. Ведомство мәліметінше, Оксфорд университетінің ғалымдары ыстық сусындардың температурасы мен оларды ішу жиілігінің өңеш қатерлі ісігіне әсерін зерттеген. Зерттеуге миллионға жуық адамның деректері енгізілген.
Зерттеу нәтижесі сусынның мөлшері ғана емес, оның температурасы да маңызды екенін көрсетті. Зерттеу нәтижесі бойынша, шай мен кофені өте ыстық күйінде ішетін адамдарда өңеш қатерлі ісігінің бір түріне шалдығу қаупі жылы сусын ішетіндерге қарағанда үш есе жоғары болған. Ал күніне алты немесе одан да көп кесе ыстық сусын ішетін адамдарда қатерлі ісіктің осы түріне шалдығу қаупі 71%-ға артқан.
«Сүйікті шайыңыздан немесе кофеңізден бас тартудың қажеті жоқ. Тек сусынның сәл суығанын күтіп, ауызды күйдіретіндей ыстық күйінде ішпеген жөн. Денсаулықты күту қарапайым әдеттерден басталады. Кейде ішетін сусынды емес, оның температурасын өзгерту жеткілікті», – деп кеңес берді министрлік.