Қазақстандықтар алдағы уақытта Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжанда өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасай алады. Бес елдің орталық банктері ұлттық төлем жүйелерін біріктіру туралы келісіп, жобаның тетіктерін 2026 жылдың соңына дейін әзірлеуге келісті.
Ұлттық банктің мәліметінше, бастама Тәжікстанда өткен аймақтық кездесуде талқыланған. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзірбайжан орталық банктерінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында қазақстандық тараптың ұсынысы қолдау тауып, төлем жүйелерін өзара байланыстыру жолдарын пысықтау туралы шешім қабылданды.
Бұдан бөлек, бес елдің тұрғындары арасында жедел ақша аударымдарын жасау мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Алайда мұндай төлемдердің нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз. Қазір тараптар жүйелерді техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан біріктіру жолдарын талқылап жатыр.