Таразда мектептегі жанжал кезінде қатарласын бір көзінен айырған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда жәбірленушінің анасы оқиғаға басқа да жасөспірімдер қатысқанын айтып, олардың да жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
КТК арнасының мәліметінше, оқиға биыл сәуір айында мектеп дәретханасында болған. Жанжал кезінде Дамир Сұраншиев көзінен ауыр соққы алып, бір жанарынан айырылған. Тергеу барысында соққы жасаған оқушы анықталып, бұл сараптама қорытындысымен расталған.
«Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады сот.
Жәбірленушінің анасы Зухра Кәрімова сот шешімін әділ деп санайтынын жеткізді. Дегенмен ол оқиғаға басқа да жасөспірімдер қатысқанын айтып, олардың әрекетіне де құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.
«Топ болып жасалған шабуыл екенін біз әу бастан айтып келе жатырмыз. Ол бәріне белгілі. Топпен жасалған шабуылдан тек бір балаға 7 жыл берді. Мен келісемін, мен ойлаймын, бұл әділдік болды деп. Бірақ қалған қатысушыларды қудалауды тоқтатпаймын», – деді ол.
Қазір Дамир күрделі отаға дайындалып жатыр. Анасының айтуынша, баланың көзін қалпына келтіру үшін осы уақытқа дейін алты рет ота жасалған.