Қазақстанда 2027-2029 жылдары ақылы жолдармен жүру тарифтері кезең-кезеңімен көтерілуі мүмкін. Көлік министрлігі тарифтерді жыл сайын қайта қарауды жоспарлап отыр.
Көлік министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған ақылы автомобиль жолдарымен жүру тарифтерін кезең-кезеңімен өзектендіру жоспарын бекітті. Құжатқа сәйкес, тарифтер жыл сайын көлік құралдарының санаты мен класына қарай сараланып өзгертіледі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, тарифтерді қайта қарау жолдарды күтіп-ұстау мен пайдалануды тұрақты қаржыландыру үшін қажет. Сондай-ақ бұл жолдардың техникалық жағдайын нормативтік талаптарға сай сақтауға мүмкіндік береді.
Министрлік тарифтер көтерілгеннен кейін де Қазақстандағы жол ақысы бірқатар көрші елдердегі салыстырмалы көрсеткіштерден едәуір төмен болып қалатынын атап өткен.