Алматыда 22 қазанда аты аңызға айналған қазақстандық «Дос-Мұқасан» тобына арналған арт-инсталляция салтанатты түрде ашылады. Бұл туралы қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Инсталляция әйгілі музыкалық ұжым мүшелерінің жиынтық көркем бейнесін сипаттайды. Композиция металдан авторлық ерекше техникамен жасалған. Құрылымның биіктігі – 1,8 метр, ені – 3,5 метр.
Инсталляция орнатылатын орын музыкалық ұжымның Алматымен тығыз байланысты тарихы ескеріле отырып таңдалған. 1967 жылы Қазақ политехникалық институтының студенттері Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев және Александр Литвинов вокалды-аспаптық ансамбль құрды. Кейін бұл ұжым Қазақстандағы ең танымал музыкалық топтардың біріне айналды.
Инсталляцияны орнату Масанчи көшесін көркейту тұжырымдамасы аясында қарастырылған. Мұнда қала мәдениеті мен шығармашылығына басымдық берілген гастрономиялық кеңістік қалыптасып жатыр. Жаңа арт-нысан жаңартылған көшенің көрікті орындарының біріне айналып, отандық музыка тарихы мен оның Алматымен байланысын еске салады.
Арт-инсталляцияның ашылу рәсімі 22 қазанда сағат 14:00-де өтеді. Іс-шара барысында құрметті қонақтар сөз сөйлеп, арт-нысан ресми түрде ашылады, музыкалық бағдарлама да жоспарланған. «Дос-Мұқасан» тобының танымал әндерін Satbayev University студенттік филармониясының Meir BAND ансамблі орындайды.