Мемлекетте төңкеріс жасауға әрекеттенген бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешев 90 қарулы адамды жан-жақты дайындықтан өткізген.
Бұл туралы бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Қарасев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Руслан Қарасевтің айтуынша, Төлешев өзімен сыбайлас трансұлттық қылмыстық топтардың қатысуымен Шымкент аумағында бірнеше рет жиын өткізген. Оларға жиын өткізіп берген Тоқтар Төлешев Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық топтары арасында бедел жинап, криминалды мәселелерді «реттегені» үшін ақша алып отырған.
– Тергеу анықтағандай, қылмыстық амбициясын жүзеге асырып, беделін арттыра түсу үшін ол өз кәсіпорындарының күзет қызметі базасында өзінің ұйымдасқан қылмыстық тобын құрып, қарумен жарақтандырған. Төлешевтің қоластында әскери дайындықтан өткен, кез келген қақтығысқа сақадай-сай 90 жігіт болған, – деді Руслан Қарасев.
Ал бұл қылмыстық топ адамдарға зәбір көрсетіп, ұрып-соққан сәттерін бейне камераға түсіріп отырған.
– Тоқтар Төлешевтің бұйрығымен оның қылмыстық тобы адам өлтіріп, заңсыз адам ұрлап, оларды ұрып-соғатын болған. Адамға зәбір көрсету сәттері фото және бейне камераға түсіріліп отырған, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі.
Осы қылмыстық іс бойынша Төлешевті тінту кезінде бұл материалдық заттар тәркіленген. Бейнежазбалардағы адамдардың кім екендігі анықталған, енді олар сотта куәгер және зардап шегуші ретінде сөз сөйлейді.