ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыдағы аурухананың біріндегі донор өліміне қатысты түсініктеме берді.
Алматы ауруханасында бүйрегін бермек болған донор ота кезінде қайтыс болған деп хабарлайды Tengrinews.kz.
„Қазір тергеу жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша дәрігерлердің кінәсі бар ма, жоқ па, нақты анықталатын болады. Трансплантация – жоғары технологиялық медициналық көмектің түрі, оның қауіп-қатері де жоғары екенін елдің барлығы жақсы біледі деп ойлаймын. Біздегі тәртіп бойынша донор да, реципиент те ота жасар алдында тәуекелге бас тігіп отырғандары туралы құлақтандырылады. Олар өз еркімен бұған барады. Әрине, бұл жағдайда қайғылы жайт орын алды. Өйткені донорда асқынған дерт болған, – деді министр Астанадағы №5 емханада болған кезінде журналистер қойған сауалға жауабында.
– Оны аман алып қалу үшін бірнеше ота жасалды. Қалай дегенмен де өлім тіркелсе, міндетті түрде тергеу жүреді. Бұл жаңадан қолға алынып жатқан бағыт болғандықтан, құқық қорғау органдарының адамдары араластырылуда. Онда қажетті мамандар тартылатын болады. Бізде ағза трансплантациясын қажет ететін адамдар өте көп. Сондықтан мұндай тақырыпта өте байыпты болу керек. Иә, ақша үшін кейбіреулер жасырын ағзасын сатып жатады. Заңсыз трансплантацияға біз жол бермеуіміз тиіс. Министрліктің ұстанымы осындай. Заң жағынан барлық тарапқа әлі де тыңғылықты жұмыс істеу қажет, – деді Елжан Біртанов.
Алматыда бүйрек бермек болған донордың өліміне қатысты жергілікті ішкі істер департаменті сотқа дейінгі тергеуді қолға алған. Ағза ауыстыру бойынша операция 7-желтоқсанда №7 қалалық ауруханасында жасалған. Ол адам 19-қаңтарда қайтыс болды. Осыған байланысты
ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабының 3-бөлігі, яғни “Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою” бойынша сот алды тергеу ісі жүргізіліп жатыр.
Осыған дейін ҚР денсаулық сақтау министрі донордың асқынған дерті болғандықтан көз жұмғанын хабарланған еді.