Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Аймақ басшысы халықты сақ болып, күдік туғызатын азаматтарды көргенде, Ішкі істер органдарына хабарлауға шақырды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
– Ақтөбеліктердің сақтық танытуларын сұраймыз. Күмәнді тұлғаларды байқасаңыз, 102 нөмірі арқылы ішкі істер органдарына шұғыл түрде хабарлау қажет. Құрметті жерлестер, сіздерден сабырлық танытуды сұраймыз. Жоспарлы антитеррорлық операциялар жүргізілуде. Жағдайдың бақылауда екендігіне сендіреміз. Қазіргі кезде ахуал тұрақты, – деді Бердібек Сапарбаев.
Соңғы деректер бойынша, Ақтөбеде антитеррорлық операция кезінде 4 содырдың көзі жойылып, 7-еуі қолға түсті. Оның екеуі жараланған. Қазіргі кезде өзге күдіктілерді табу үшін барлық амалдар жасалып жатыр.
Алдын ала болжам бойынша, шабуылды теріс ағымдағы дінді ұстанушылар жасаған. Ақтөбе қаласында антитеррорлық операция режимі жарияланды. Ойын-сауық мекемелерінің жұмысы мен қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды.
5-маусым күні Астана уақыты бойынша 15:45-те Ақтөбедегі “Паллада” қару-жарақ дүкеніне белгісіз біреулер шабуыл жасап, дүкеннің сатушысын және “Жедел Күзет” агенттігінің қызметкерін өлтірген. Бұдан бөлек, оқиға орнына келіп жеткен үш полицейге оқ атып, жарақаттаған. Сондай-ақ, “Пантера” атты қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, ондағы тұтынушылардың бірін өлтіріп, екіншісін жаралады. Оқиға орнына келіп жеткен полиция нарядымен арада атыс болып, үш қылмыскердің көзі жойылды, біреуі қолға түсті.
Ұлттық ұлан әскери бөліміне шабуыл жасау үшін содырлар қалалық автобусты басып алып, оның жүргізушісі мен жолаушыларын сыртқа шығарып жіберген. Кейін сол автобуспен әскери бөлім дарбазасын соғып кіріп, көзге көрінген адамды ата бастаған. Үш әскери қызметкер көз жұмды, алтауы жараланды. Кезекші қарауыл қару қолданып, қылмыскерлердің бетін қайтарған. Оқиға орнына жеткен полиция нарядымен бірлесе, олар бір содырды өлтіріп, екіншісін жаралаған және қолға түсірген.