Тәжікстан сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары Умед Давлатзод елдің алтын-валюта сақтау қоры туралы мәліметтің құпия сақталуы – халық арасында дүрбелең туғызбас үшін жасалған мәжбүрлі шара деп түсіндірді.
Душанбеде баспасөз мәслихатын өткізген Давлатзодтың айтуынша, елдің сақтық қоры туралы мәліметті естіген жұрт банктердегі салымдарын шығара бастап, соның салдарынан елдегі жағдай одан сайын ушығып кетуі мүмкін еді. «Елдің алтын-валюта сақтау қорын құпияда ұстау – мемлекеттік саясат. Үрей туғызған бір ғана дүрбелең халықтың Тәжікстан банк жүйесіне сенімсіздігін одан сайын күшейтіп жіберер еді», – деді ол.
Тәжік үкіметі, ұлттық валюта бағамының тұрақты деңгейде сақталуын ескере отырып, елдің алтын-валюта сақтық қорының көлемін ұлғайту мақсатында жұмыстар атқарып жатыр, деді шенеунік.