Осы бізде бар ғой… Қазақстанда кәсіпкер болсын, билік өкілі болсын – барлығында бір жаман диагноз бар. Ол – өздерін Ұлы, өздерінен өзгені топас санау. Қит етсе өзінше «тәрбиелеуге», «ақыл айтуға» тырысып тұратын кәдімгі советтік ағартушылық мінез…
Иә, күні кеше БАҚ беттерінде қазақстандық кәсіпкерлердің бір тобы елдегі мектептер мен ЖОО-да үштілді оқыту жүйесін енгізуді қолдап, ашық хат жазыпты.
Енді сол хатта келтірілген уәждерге жеке-жеке тоқталсақ.
«Біз қазақстандық бизнестің жауапты өкілдері ретінде, мектептерде үштілді оқыту жүйесін енгізуді қолдаймыз. Қазіргі таңда Қазақстанда миллионнан астам оқушы үш тілде оқып жатыр. Келер оқу жылында олар төртінші сыныпқа барады. Бұл балалардың оқу үлгерімімен бәріміз таныспыз, бәрі өте жақсы оқып жатыр» – дейді қазақстандық бизнесмендер.
Осы арада заңды сұрақ туындайды. Ол неғылған миллион бала? Қайдан шыққан сан? Тәжірибені кім жүргізіп жатыр? Балаларды кім, қайдан іріктеген? Олардың оқу үлгерімінің өте жақсы екендігін сол бизнесмендер қандай фактілерге сүйеніп тексерген? Бұл жері ашып жазылмаған.
Жарайды, әрі қарай кеттік.
«…Тілдерді сапалы игеру – бүкіл қазақстандық жастардың таным-түсінігін арттырып, әлемдік өркениеттің, ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарымен таныс болып отырады…», – дейді.
Иә,
біздегі кәсіпкері болсын, билік өкілі болсын, барлығында бір диагноз бар. Ол – өздерін Ұлы, өздерінен өзгені топас санау.
Қит етсе, бізге бірдеңені «түсіндіруге», «тәрбиелеуге», «ақыл айтуға» тырысып тұратын советтік ағартушылық мінез.
Әй, ағалар-ай! Сол үштілді оқусыз-ақ қазіргі жастар әлемдік өркениеттің көшінен қалып отырған жоқ. Онсыз да қажетті тілін игеріп, қалаған ақпаратын алып отыр.
«… Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі қазақ мектептерін бітірген түлектер үшін сапалы жоғары білім алу мүмкіндігі шектеулі. Себебі, негізгі оқыту тілі ағылшын тілі болып табылатын Назарбаев Университеті, KIMEP, ҚБТУ, ІТ-университеті секілді алдыңғы қатарлы оқу орындарына түсу қиындық тудырып отыр…» – дейді.
Ал біздің білуімізше, KIMEP-те тек қалалық балалар ғана оқымайды, онда да қазақ мектептерінен келген студенттердің үлес салмағы қалалықтардан кем емес. Сыртқа кетіп жатқан студенттердің де контингенті солай. Азды-көпті жетіспеушілік болса, оны тұтастай үштілді оқу жүйесін енгізіп емес, қазіргі бағдарламада бар пәндерді оқытудың сапасын арттырып-ақ шешуге болады.
Одан әрі, «…Орыс тілінде оқытылатын мектептердің түлектері де қазақ тілін нашар игереді. Осы жерде мүлдем жаңаша әрекет керек…», – дейді.
Орыс мектептерін бітірген түлектердің қазақ тілін игеру мәселесін үштілді бағдарлама енгізу арқылы шешеміз деу – абсурд. Себебі – мәселе бағдараламада емес.
Мәселе – сол мектептерді оқып, бітіріп жатқан жеткіншектердің, олардың ата-аналарының мемлекеттік тілге деген көзқарасында.
Сондықтан, сол көзқарасты өзгертіп, қоғамда мемлекеттік тілді игеруге деген жұмсақ мәжбүрлік (мемлекеттік қызметке аларда, қызмет барысында қазақ тілін меңгеру деңгейін жиі тексеріп тұру) туғызбай, қандай бағдарлама ұсынсаң да, нәтижесіз болады.
Ашық хаттың соңында кәсіпкерлер «Қазақстанның ерекшелігі сол – тәуелсіздік алған осынша жылдың ішінде ел халқы мемлекеттік тіл – қазақ тілінде де, орыс тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жетті», – деп қорытындылапты.
Сонда, олар өз сөздеріне өздері қарсы шығып отыр ма? Біресе «орыс тілінде оқытылатын мектептердің түлектері де қазақ тілін нашар игереді» дейді, біресе бүкіл халық екі тілді қатар игеріп отырған ерекше ел деп тамсанады. Сонда, мәселе неде, мырзалар?!
PS. Айтпақшы, Қазақстанның Конституциясында “кез-келген Қазақстан азаматы қазақ тілінде, не орыс тілінде ақпарат алуға құқылы” деп көрсетілген. Білім алу дегеніміз – ақпарат алу. Демек, егер менің мемлекеттік тілде білім алу мүмкіндігім болмаса – Конституциялық құқығымның бұзылғаны. Олай болса, кеше құрылған Малайзия мен Сингапурдың тәжірибесіне сүйеніп, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз деген министрліктің ұсынысы қабылданып кететін болса, мемлекеттегі мен секілді миллиондаған адамның Конституциялық құқығы бұзыла бере ме?!
Сонда, кәсіпкер мырзалар, сіздер соны қолдайсыздар ма?