Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айының басталуына орай кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендетуге және қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа қолжетімді етуге шақырды.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан кәсіпкерлерін қасиетті Рамазан айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын арзандатуға шақырды. Оның айтуынша, кафе-мейрамханалардағы ауызашар мәзірі де халыққа қолжетімді болуы тиіс.
«Аллаға шүкір, Рамазанның ізгі дәстүрлері мәдениетіміздің бір бөлігіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жеңілдіктер жасауға шақырамын. Рамазан айына сәйкес келетін ас-берулерді ауызашар уақытында өткізіп, сауапты істерді көбейтейік», – деді бас мүфти.
Сондай-ақ ол қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірінің бағасын қолжетімді етудің маңызын атап өтіп, бұл айда дүкендерде алкоголь сатпауға шақырды.