Қазақстандық ғалымдарға 6 сағатқа дейін әуеде бола алатын және 12-15 кг жүк көтеретін толық отандық көпмақсатты дрон жасау ұсынылды. Ақпарат министрлігінің Ғылым комитеті сайтында жарияланған №104 ғылыми-техникалық жобаға жалпы 400 млн теңге бөлу көзделген. Қаржы 3 жылға кезең-кезеңімен бағытталады: 2026 жылы – 116 млн, 2027 жылы – 168 млн, 2028 жылы – 116 млн теңге.
Жоба аясында дрон толықтай Қазақстанда әзірленуі тиіс. Ғалымдар мен инженерлер аппараттың конструкциясын жасап, прототипін құрастырып, оны сынақтан өткізеді. Сонымен қатар әлемдік тәжірибе зерделеніп, заманауи модельдерге сүйене отырып техникалық шешімдер ұсынылады.
Бағдарлама аясында ғылыми зерттеулер жарияланып, әдістемелік материалдар әзірленеді. Дронға қатысты интеллектуалдық меншік құқықтары тіркеледі. Жоба жаңа нарықтарды дамытуға, өнім сапасын арттыруға және Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге серпін бермек.
Жаңа аппарат арнайы және құқық қорғау органдарының қажеттілігіне бейімделеді. Ол терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылда, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және өзге де ұлттық қауіпсіздік міндеттерінде қолданылуы мүмкін. Негізгі пайдаланушылар қатарында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, ІІМ, ТЖМ, арнайы бөлімшелер мен әскери оқу орындары бар.
Қазіргі таңда Қазақстанда дрондар өндірісі жолға қойылғанымен, олардың ұшу уақыты шектеулі. Мәселен, «Шағала» дроны шамамен 2,5 сағат әуеде бола алады. Жаңа жоба орта класты аппараттарды жасауға мүмкіндік беріп, жеңіл модельдерден бір саты жоғары технологиялық деңгейге шығуды көздейді.