Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Ұқсамайды ғой!”. Шоқайдың суретін өшіріп тастаған әкім не деп ақталды?

144

Оқыған оқырман болса мақаламыздың соңын “Біз қателесуіміз де мүмкін. Бәлкім, оның суретін басқа араға, ел көзіне көрінетін жерге апарып салмақ шығар. Солай деп үміттеніп отырмыз. Қателессек екен…” деп аяқтаған едік.

Қазақпарат хабарлап отыр. Бүгін суретке қатысты Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов журналистерді жинап жиын өткізіпті. Есеп беріпті. Шоқайдың суретінің салынуы мен өшірілуін түсіндіріп берген болыпты. Ол не дейді сонда? 

Алдымен келісіп алмай ма? 

«Өткен жылдың желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Алаш қайраткерлеріне көше атауы берілген болатын. Соның бірі – Мұстафа Шоқай. Көше кең, екі жолақты. Негізгі заңдылық бойынша қала көшелеріне атау беру ұсынысы алдымен тұрғындардан түседі, кейін жергілікті атқарушы орган ұсынысты ономастикалық комиссияға беріп, талқылайды. Осы жолмен көше атауы берілді.

Иә, Мұстафа Шоқайдың суретін білеміз, соны салып жатқан уақытта көргенбіз. Әр азаматтың суретін үлкен ғимараттың сыртына салу тәртібі болады. Тәртіпке байланысты келісімді алып, содан кейін ғана сурет салу керек. Немесе мердігер компаниялар сурет салғысы келген кезде қаланың құрылыс кеңесіне сыртқы пішінін алдын ала келісіп алады»,- деді Ілияс Испанов.

Шоқайды мектеп жасымнан білемін 

Баспасөз мәслихатында қала әкімі Мұстафа Шоқай туралы мектеп жасынан білетінін, біртуар азаматтың ел үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз екенін айтып, ақталыпты.

«Егер кешегі жаңбырдан сурет зардап шегіп, шығынға ұшырамағанда біз құжаттарын қосымша әзірлеп, тіркеуге алатын едік. Бірақ ол сурет талапқа сай емес. Сәулетшілердің айтуына қарағанда, ол кісінің суретіне тура келмейді. Қойылған өлшемі де дұрыс емес.

Қаламызда қалаған адам өзінің туысының, өзі қалаған нәрсесін салатын болса, онда біздің қаламыз қандай жағдайда болатынын елестете беріңіз.

Әкім әлеуметтік желіні қарады ма? 

Әлеуметтік желіні қарадым. Адамдар әр нәрсенің астарын, тіпті жамандықты іздеген. Біз ешқашан ол кісілерге қарсы болған жоқпыз, қарсы болмаймыз. Мемлекет ол кісілердің (Алашорда – авт.) 100 жылдығын өткізейін деп отыр. Біздің бар ойымыз, басқа елге мазақ, күлкі болмас үшін заңға сәйкес жасатуымыз керек ғой.

Суретін ғана емес, ескерткішін де салып қоюға мүмкіндігіміз бар»,

– деді қала әкімі.

Кейін сұрақ қайта қойылып, әкім шайтан суреті үй қабырғасына салынса қалай бейжай отыра аласыздар деп журналистерден сұрады.

«Сурет Мұстафа Шоқайдыкі болғаны үшін өшірілген жоқ. Ол жерде басқа бір сурет тұрса ол да өшетін еді.

Өзіміз тұрып жатқан үйдің сыртына шайтанның суретін салып қойса, үндемей отырамыз ба?

Астарын іздемеңіздер. Ол жерде қайтадан Мұстафа Шоқайдың суретін немесе басқа алаш қайраткерлерінің суретін салуымыз мүмкін. Мұны қала комиссиясы шешеді. Ол кісінің атына қарсы болсақ, көше аты берілмес еді», – деді Ілияс Испанов.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы бойынша 20 көшеге Алаш қайраткерлерінің есімі  беріліпті.

Өкінішке қарай, баспасөз мәслихатында қала әкімі сол жиырма арыстың аты-жөнін атай алмады.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз