Сапарбаев басқаратын Ақтөбе қандай өңір өзі? Мұнда ресейшілдердің саны басым емес пе? Құдай біледі, солай сияқты.
Одан бұрын Сапарбаевтан өзге оған бағынышты, оның қоластындағы шенеуніктердің ой-санасы қай деңгейде? Олар мемлекеттік, ұлттық ұстанымда ойлана ма?
Таласбек Әсемқұлов айтқандай, біздің санамыз мертіккен. Біз әлі де болса шын тәуелсіздік алған жоқпыз. Сана тәуелсіздігін алмадық. “Біздің заттық, моральдық, ізгілік шығындарымызды әлі ешкім түбегейлі зерделеп есептеген жоқ” дейді ұлы ойшыл. Сол рас. Сол шын сияқты.
Жаңа тұрғын үйдің қабырғасына қашалған Мұстафа Шоқайдың суретін үстінен қайта бояп, көзден бұлбұл ұшырыпты. Әрине, мұны бекер істемеген. Біреу бұйрық берген. Ең сорақысы сонда.
Журналистің айтуынша Шоқайдың суретін өшіруге пәрмен берген жергілікті әкім-қаралардың бірі.
“Ел ішіндегі ұзынқұлақ “ол фашистермен ауыз жаласқан” деген желеумен өшірілді деседі. Ау, ақтөбелік атқамінерлер! Мұстафа сіздерге Гитлер емес қой суретін өшіретін!” дейді бұл Сқабылұлы.
Суретін салдық. Көрініске куәсіздер. Алып тастаған. Сырлап тастаған. Білсек, бұл жаңа үй. Жаңа көше. Бұл араға Мұстафа Шоқайдың атын бермек болған. Ал енді не болды? Бұйрық өз алдына егер жоғарыдағы жазылған жайт рас болса, бұған біреудің бәлкім белгілі бір топтың ықпалы еткені анық. Шоқайды иттің етінен жек көретін, оны Гитлермен қатар қоятын біреу…
Ал Сапарбаев ше? Ол бұл жайттан хабардар ма өзі? Қытай аудармашысының өзін қазақша үйренуге мәжбүрлеген әкім Алаш деп азапты ғұмыр кешкен Мұстафа Шоқайды масқаралауға жол бермейтін болар. Солай деп үміттенеміз.
Мұстафа Шоқайды қаралайтын мақалалардың қайдан шығып жатқанын да жақсы білеміз, негізінде. Айтпай-ақ қоялық, жауабын өздеріңіз де білесіздер.
Айтпақшы, біз қателесуіміз де мүмкін. Бәлкім, оның суретін басқа араға, ел көзіне көрінетін жерге апарып салмақ шығар. Солай деп үміттеніп отырмыз. Қателессек екен…