Украина Ресейді Қара теңіз шельфіндегі жұмыстары үшін халықаралық сотқа бермек. Бұл туралы Украинаның уақытша басып алынған аумақтар мәселесі жөніндегі министр Вадим Черныш мәлім етті.
Бұл туралы украиналық БАҚ-тарда хабарланды.
Бірінші шағым Ресейдің аннексиялаған Қырымнан табиғи газды өндіру ісіне қатысты болмақ, Екінші шағым — сол аймақтағы Қара теңіздің табиғи ресурстарын пайдалану. Украина БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі Конвенция нормаларына сәйкес соттаспақ.
– Әлі күнге дейін Украинаға тиесілі жерден табиғи газды өндіріп жатыр. Газ басып алынған түбекке жіберіліп жатыр. Мұның бәрі Украина Конституциясына сәйкес, украин халқының меншігі болып саналады, -дейді Черныш.
2014 жылдың мамыр айында Украинаның премьер-министрі болып тұрған кезде Арсений Яценюк аталған кәсіпорынды халықаралық сот арқылы қайта тартып аламыз деп мәлімдеген болатын.
Мұның алдында Украинаның сыртқы істер министрі Павел Климкин Украина Ресейден Қырым мен Донбасқа келтірген залалы үшін 50 млрд доллар көлемінде айыппұл талап етеді деген.