Нұр-Сұлтан
Қазір
-8
Ертең
-14
USD
525
+13.36
EUR
552
+11.86
RUB
4.93
+0.20

“Нұртас Адамбай, құрышы-ей!”. Қазақстандағы өзге этнос өкілі ағынан жарылды

Дегенмен шалақазақтардың шашбауын көтеремін деп қазақ түгілі, біздегі өзге этнос өкілдерінің де намысына тиіп жібергенін ол байқамаған секілді. Онысына көп рақмет, енді.

Вячеслав Попов деген кәсіпкер: „Менің қазақ тілін білмеуім – надандығым„ деп ағынан жарылып, Нұртас Адамбайды кәдуілгідей ұялтып тастапты.

Рас қой, ниет болса қазақ тілін үйренуге әрдайым болады. Әлеуметтік желіні қолданушылар бұл жігіттің жазбасын қазір көптеп бөлісіп, оған оң пікірлер қалдырып жатыр.

Негізінен, „Ештен кеш жақсы„ деген Витяның ағынан жарылған жазбасынан Нұртас Адамбайға жауап беріліп жатқан секілді көрінеді:

 

„Қазақ тілін үйренуге бел шеше кірістім! КСРО-да туғанмын, интернатта, мектепте дұрыс оқытпады деп ақталғым келмейді…

Негізі, менің қазақ тілін білмеуім – менің жауапкершілігім, нақтысында, керісінше жауапсыздығым!

Мен қазақ тілін үйренген жоқпын, оны қажет деп таппадым, күрделі деп қорықтым, ол рас!

Ал қазір Қазақстанда тұрып жатқан барлық этнос өкілдеріне шын ниетің болса, қазақ тілін үйреніп алуға болатынын дәлелдегім келеді.

Кезінде 1927 жылы Түріксіб темір жолы құрылысына жегілуге келген менің украин, еврей аталарымды қазақ халқы құшақ жая қарсы алды, жеп отырған нанымен бөлісіп, үйіне кіргізді, одан соң 1941-45 жылдары төс түйістіріп жаумен бірге күресті.

Соның арқасында осы елдің азаматы болып, қазір өзара ынтымақтастықта тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.

Міне, осындай құрметі және басқа да жақсылықтары үшін бүгіннен бастап 6 ай ішінде қазақ тілін еркін меңгеруге уәде етемін!

Араларыңызда осы надандығыммен күресуге дайын ұстаздар табылар ма екен?..„.

Біз де өз кезегімізде шалақазақтарды табалаудан аулақпыз! Бірақ Қазақстан халқының жаппай қазақ тілінде сөйлеуге көшудің не үшін маңызды екеніне ерекше тоқтала кеткіміз келеді. Мұны бізде түсінбейтіндер бары рас қой. Ендеше түсіндіріп берелік.

Пікірді өз жанымыздан қосқымыз келмейді. Өйткені қазақтілділер сапасыз білім алған ғой (солай ойлайтындар бар). Ендеше Гарвард сынды әлемдегі беделді оқу орындарында сабақ беріп, қазақтың бренд тұлғасына айналған, бірнеше тілді білсе де тек қазақ тілінде сұқбат беретін математик, ғалым Асқар Жұмаділдаевтың сөзін алға тарта кетелік:

– Ғылымның тілі, бизнестің тілі, технологияның тілі қазақша болуы керек. Олай болу үшін жаңағы ғылымдардың барлығы қазақ тілінде оқытылуы керек. Егер өйтпейтін болсақ, онсыз да көлеңкеде тұрған тіліміз бірден құриды.

Технократтық жүйені рухани байлықпен ұштастырудың жолы бар, ол қиын емес. Оның жарқын мысалы – Жапония. Бұл ел өзінің туған тілінен де, жазуынан да бас тартпай әлемдегі озық елге айналып отыр. Олар өзінің ұлттық ойлау жүйесін қалдырып, оны ғылымның жаңа технологиясымен ұштастырған. Біздің қазақтарға да келетіні осы. Біздің өлеңімізді, әнімізді, ойлау жүйемізді, психологиямызды, менталитетімізді технологиямен ұштастыру керек. Сонда ғана өркендейміз, жұтылмаймыз.

Сондықтан үлгі болсын деп мен үнемі жүрген жерімде қазақша сұқбат беремін, Қазақстандағы адамдарға қазақ тілін уағыздаймын. Бұл – елдік, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз