Алматы қаласындағы ең көне перзентхана медициналық көмектің сапасы бойынша республикадағы үздік мекеме болып танылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша №2 Алматы қалалық перинаталдық орталығы Қазақстандағы перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың рейтингінде бірінші орынды иеленді. Бұл рейтинг ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми орталығы жүргізген бағалау нәтижесінде анықталды.
Рейтинг медициналық ұйымдардың қызмет сапасын анықтау үшін 14 клиникалық индикатор, аккредиттелген мекемелер туралы мәліметтер және Денсаулық сақтау министрлігі мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректері негізінде жасалды. Мұндай кешенді тәсіл медициналық көмек көрсетудің ең үздік тәжірибелерін анықтауға және басқару шешімдерін қабылдауға бағытталған.
Орталықтың жетістіктері
№2 қалалық перинаталдық орталық еліміздегі ана мен бала денсаулығына жоғары деңгейде медициналық көмек көрсететін мекемелердің бірі болып саналады. Бұл орталық тек рейтингтің көшбасшысы атанып қана қоймай, пациенттерді қабылдау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің үлгілі жүйесін қалыптастырды.
Жыл сайын мекеме 10 мыңға жуық пациентті қабылдайды, ал босанатын әйелдер триаж жүйесі арқылы бөлінеді. 2023 жылы орталықта 5 мыңнан астам босану, 1000-нан аса операция жасалып, мерзімінен бұрын туған жүздеген сәби сәтті күтімнен өтті.
Заманауи технологиялар мен жаңа мүмкіндіктер
Перзентханада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ана мен бала қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламасы енгізіліп, жүктілік пен босануды басқарудың жаңа әдістері қолданысқа енгізілді. Бұл ана мен бала өлімін азайтуға, сондай-ақ босану кезіндегі асқынулардың алдын алуға септігін тигізді. Осы жетістіктерінің арқасында мекеме “Ана мен балаға достық қарым-қатынас” атағына ие болды.
80 жылдан астам тарихы бар орталық 1937 жылдан бері жүкті әйелдерге, босанатын және босанған әйелдерге, жаңа туған нәрестелер мен гинекологиялық науқастарға медициналық көмек көрсетіп келеді. 2022 жылы мекеменің деңгейі көтеріліп, екінші деңгейден үшінші деңгейлі перинаталдық орталық мәртебесіне ие болды, бұл көрсетілетін қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Болашақтағы жоспарлар
Бүгінде орталықта 10 бөлімше жұмыс істейді. Олардың қатарында қабылдау бөлімі, перзентхана, реанимация, босанғаннан кейінгі күтім, жаңа туған нәрестелерге арналған мамандандырылған бөлімшелер, патология бөлімі, операциялық блок және зертхана бар.
Алматы қаласының әкімдігі мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстарын қолға алған. Жоспарға сәйкес, орталықтың жаңа ғимараты салынып, қазіргі ескі корпус сүрілмек. Бұл медициналық қызмет сапасын одан әрі арттырып, заманауи технологияларды енгізуге және ана мен баланың өмірі мен денсаулығын қорғауға ықпал етеді.