Ауылшаруашылығы кооперативтеріне бірігу аграрлық секторды қазіргі заманғы жағдайда дамытудың тиімді әдісі болып табылады. Алматы облысында қызылша өсірушілермен кездескен ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов осындай пікірімен бөлісті.
– Мысалы, мемлекеттік қолдаудың кейбір қызмет түрлеріне тек осындай кооперативтерге кіру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Ең бастысы, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге тұруы қажет. Сонда барып өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың мемлекеттік деңгейдегі мәселесі қос-қабат шешіледі.
Бұл жерде ешкімнің де құқығын шектеуге болмайды. Егер шынымен де ілгерілеп, өндірісті, ауылшаруашылығын дамытқымыз келсе, онда ауылшаруашылығы кооперациялары тиімді әдіс болып табылады. Басқа жол жоқ, оны біз ойлап тапқан жоқпыз. Бүкіл әлем солай жасайды. Бізге де неге жасамасқа, соны түсіндіргіміз келеді, – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі.
Жетісу өңірінің диқандары мемлекет тарапынан көтерілген бұл бастаманы қолдап отыр.
– Кооперацияға бірігетін кез жетті. Ол дәл біз секілді шаруаларға арнап жасалған. Өйткені ірі ауылшаруашылығы кәсіпорындарына бірігу арқылы фермерлер заманауи техникаларға қол жеткізе алады. Ол техника бүгінгі күнде өте қымбат тұратындықтан, кез келгені сатып ала алмайды.
Сол себепті шаруалардың көбісі баяғы кеңес дәуірінің тозығы жеткен, тиімділігі жоқ техникамен жұмыс істеп жүр. Сондықтан кооперативке шоғырланған соң бір қадам болсын ілгерлейтін боламыз, – деді өз ойымен бөліскен «Нам» шаруа қожалығының басшысы Герман Нам.