Мемлекеттік рәміздерді алғаш рет Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырған сәтті қамтитын суреттер жарияланды. Тарихи маңызды бұл суреттер Ақорданың әлеуметтік желідегі жеке парақшасында берілді.
Бүгін, яғни 4-маусым – мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай Ақорданың баспасөз қызметі тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздерін әзірлеу, талқылау, оларды бекіту кезіндегі Елбасының рөлі мен қайраткерлік қызметінен сыр шертетін бірнеше фотоматериал мен Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздерін таныстыру салтанатында сөйлеген тарихи сөзінің ықшамдалған нұсқасын көпшілік назарына ұсынды.
«… Енді тәуелсіз Қазақстанның өзінің мемлекеттік символдары, яғни айшықты нышандары бар. Республика Конституциясын бірінші оқылымында қабылдау, мемлекеттік нышандарымызды бекіту арқылы біз еліміздің қоғамдық-саяси құрылысының дамуындағы маңызды кезеңіне – оның конституциялық тұрғыдан хатталу кезеңіне аяқ басып отырмыз. Қазақ елінің тәуелсіздігі осыдан жарты жыл бұрын жарияланғанымен, мойындалғанымен, жүзеге аса бастағанымен, оның тайға таңба басқандай айқын танылатын белгілеріне енді ғана ие болып отырмыз. Осы қуанышымыз құтты болсын!», – деді.