Нұр-Сұлтан
Қазір
20
Ертең
16
USD
463
+0.83
EUR
537
+1.75
RUB
5.43
-0.02

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД еріктілерінің алғашқы форумына қатысушыларды құттықтады

Форумның салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы директоры Тойли Курбанов, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейітімов, сондай-ақ еріктілік ұйымдардың өкілдері мен Достастық елдерінің делегациялары қатысты.

Форум Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінен басталды. Мемлекет басшысының құттықтауын Аида Балаева оқып берді.

«Осы маңызды басқосудың Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның ұсынысымен жариялаған Халықаралық еріктілер жылында өтуінің мәні ерекше. Бұл еріктілердің әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді шешудегі орасан еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын көрінісі.

Қазақстан осы форумды өткізуді ұсына отырып, ТМД елдерінің еріктілері тұрақты түрде тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларын халықаралық деңгейде бірлесе ілгерілететін алаң құруды мақсат етті. Біз үшін достықты нығайтып, ынтымақ, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі құндылықтарды қоғамға терең сіңіру айрықша маңызды.

Қазақстанда еріктілік адам әлеуетін дамытуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамда жанашырлыққа негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда еліміздің тарихында алғаш рет еріктілік қызметті мемлекеттік қолдау ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілді.

Еріктілердің ізгі ниеті мен риясыз еңбегі – адамдарға жігер беріп, қоғамды жақсы жаққа өзгертетін қуатты күш. Бұған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысы айқын мысал бола алады. Бұл игі бастама аз уақыттың ішінде көптеген азаматты, әсіресе белсенді жастарды ортақ іске жұмылдырды. Жалпы, Еріктілер жылы аясында мыңдаған іс-шара өткізілді. Бүгінде еліміздегі еріктілер саны 300 мыңға жуықтады.

Осы форум елдеріміздің гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, адамдар арасындағы байланысты, өзара сенім мен тату көршілікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенемін. Біздің басты мақсатымыз – Достастықты жасампаздық пен өрлеу, бірлік пен өзара түсіністік салтанат құрған ортақ кеңістікке айналдыру.

Барша еріктіге айналасына бейжай қарамай, әрдайым көмек қолын созуға және әлемді жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүргені үшін шынайы алғысымды білдіремін. Форум жұмысына сәттілік, бірлескен бастамаларға табыс тілеймін!» – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Айта кетейік, екі күнге созылатын форумға Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық делегат қатысуда. Олардың қатарында мемлекеттік органдар мен еріктілік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еріктілер бар.

Форум аясында панельдік сессиялар, тақырыптық пікірталастар және еріктілік қызметтің табысты тәжірибелерінің таныстырылымдары өтеді. Мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау, жастар еріктілігі бағыттарында бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылады.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз