Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыруған С.Ш. Қайырбаевтың мүлкі тәркіленіп, өзі екі жылға сотталып кетті. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жобаға қатысқандар 120-дан 49 мың АҚШ долларына дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу үшін USDT криптовалютасымен ақша салуы қажет болған.
Есесіне оларға күн сайын табыс түсетіні және жаңа салымшыларды тартқаны үшін қосымша бонустар берілетіні жөнінде уәде берілген. Алайда виртуалды дүкендерге орналастырылды деген тауарлар шын мәнінде мүлдем болмаған. Ал табыс табу үшін жаңа қатысушыларды тартып, олардың ақша салуына тәуелді болған.
«Салымшылардың қаражаты USDT криптовалютасымен OKX платформасы арқылы электронды әмияндарға аударылған. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтер бұғатталды, бұл 212 млн теңгеге тең. Сот үкімімен аталған цифрлық активтер мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді», – делінген ҚМА хабарламасында.