Көмірдің бағасы тағы қымбаттады. Бұл жолы 40 процентке. Ресми органдар қымбаттау 10 процент болғанын растайды, ал 30 процентін арадағы делдалдар өзі қосып алған.
Бұл туралы “Хабар-24” телеарнасы хабарлады.
Өңірлерде көмір қымбаттады. Мәселен, биыл Қарағанды облысында баға бірден 40 пайызға көтерілген. Солтүстікте де отынның бұл түрі былтырғыға қарағанда қымбат. Ал шығыста жергілікті билік жағдайы төмен жандарға арзандатылған көмір жеткізіп беріп жатыр. Қазір Қарағандыдағы ең қымбат Шұбаркөл көмірінің әр тоннасы 11 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал кейбір елді-мекендерде 15 мың теңгеге дейін өскен.
«Бұл – алыпсатарлардың айласы. Әйтпесе, шахтадан босатылатын баға небәрі 10 пайызға көтерілді. Қалған 30 пайызды делдалдар қосып отыр», – дейді жергілікті билік.
Ғазиз Төлеуов, облыстық өнеркәсіп және ИИД басқармасының бөлім басшысы:
– Бағаны реттейтін, қадағалайтын мемлекеттік орган бар ғой. Солармен бірлесіп, жұмыс жасап жатырмыз. Қазір ол кісілер көмір өндірушілермен, олардан кейінгі дедалдармен жолығып, бағаны өсіру мәселесі сол бойынша жұмыс жасап жатыр.
Петропавл тұрғындары болса сол Шұбаркөл көмірін таппай жүр. Саудагерлер оны енді 10 күннен кейін болады дейді. Тек бағасын дөп басып айта алмайды. Себебі аз күнде осы көмір түрінің бір тоннасы бірден 600 теңгеге қымбаттай түскен. Ал отынның өзге сұрыптары толып тұр. Олардың да бағасы құбылмалы. Жалпы аймақ 410 мың тонна көмір қажет етеді екен, оның 240 мың тоннасы қоймаларға жеткізілген. Тағы 38 мың тонна теміржол тұйықтарында тұр.
Александр Кондратов, кәсіпкер:
– Көмір 1 қазаннан бастап 300-ден 500 теңгеге дейін қымбаттай түсті. Сапасына қарай тиісінше бағасы да қымбат. Оған қоса теміржол тасымалы тарифі де артты, бір тоннаға 600-800 теңгеге дейін қосылды. Ал тапшылық дейтін жоқ, тұрақты түрде келіп жатыр.
Шымкентте те Шұбаркөл көмірі тапшы. Қатты отынды апталап күткен тұрғындар көмір сататын орындарда кезекке тұр. Жүк көлігіне түнеген жүргізушілер апта бойы осы жерді торауылдап жүр. Ал олардың жолын бүрсең қаққан бүтін бір ауыл тосады. Қазан айы басталғалы көмір бағасы бастапқыдан 1,5 мың теңгеге өскен. Қазір қатты отынның тоннасы – 16 мың теңге. Және де тасымал үшін тағы бөлек төлейтініңіз бар. Жүргізушілердің айтуынша, аптасына бұл жерге төрт-ақ вагон көмір келеді екен.
Ал «Қазақстан Темір жолы» компаниясының жергілікті филиалы жүк вагондарының жетіспеушілігін жоққа шығарып отыр. Олардың мәліметінше, бәрі де тапсырыс аясында уақытылы жүзеге асып жатқан көрінеді.
Руслан Қазбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Көмір жоқ. Бағасы болса қымбат. Қазақстаннан көмір шығады, бірақ біз оған жарымаймыз.
Бақытбай Қасымбеков, «ҚТЖ» ҰК АҚ Шымкент жол бөлімшесі директорының орынбасары:
– Шымкент жол бөлімшесі биылғы жылы қыркүйек айын қосқанда 830 мың тонна көмір алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 152 пайызға жоғары. Өткен жылы дәл осы уақытта 546 мың тонна көмірге қол жеткізген едік. Күн сайын 100-150 вагонды біз жолға шығарудамыз.
Ал Өскемен қаласы мен оның маңындағы ауылдардағы кейбір жеке үйлер қыстыгүні әлеуметтік көмірдің көмегімен жылытылмақшы. Жергілікті билік зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар үшін 35 мың тонна отын дайындап қойыпты. Әр тоннасы 7 жарым мың теңгеден айналатын көмір арнайы тізімге кірген 5 мың тұтынушыға таратылады.
Мәселен, 75 жастағы Макен Рахимова тапсырысты жаз кезінде беріп, өзіне қажетті отынын алып қойған. Сондықтан бағаның шарықтауына әжейдің басы ауырмайды.
Макен Рахимова, зейнеткер:
– Соғыс ардагерлері, тыл ардагерлері, содан кейін көпбалалы жанұя, мүгедектер бар. Бізде көп, көмек үлкен.