Ақтау маңында Баку – Грозный бағытындағы ұшақ апатқа ұшырады. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады. Әлеуметтік желілерде апаттың видеосы тарады.
Сәрсенбі, желтоқсанның 25-і күні таңертең Әзірбайжан астанасы Бакуден Грозныйға ұшқан Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы төтенше жағдай туралы белгі берді.сҰшақ Ақтау маңында құлаған. Оқиға орнында төтенше жағдайлар министрлігі жұмыс істеп жатыр. Апат орнына жеке құрамнан 52 адам және 11 бірлік техникасы барды. Оқиға орнына келген бойда әуе кемесі жанып жатты. Құтқару бөлімшелері өртті сөндіруге кірісті.
Қазақстанның азаматтық авиация комитеті хабарлағандай, бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі.
Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пікір білдірді.
«Оқиға орнына жедел медициналық комиссиялар дайындап, травматолог, нейрохирург дәрігерлерін жібердік. Біз барлық көмек түрлерін көрсетеміз, қажет болған жағдайда көлікпен қамтамасыз етеміз. Әзірге аман қалған алты адам белгілі, олардың жағдайы өте ауыр», – деді ол.
Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 69 адам болған, оның 5-уі экипаж мүшесі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, зардап шеккендер туралы ақпарат анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша, 29 адам аман қалды, 22 адам ауруханаға жеткізілді. Апат болған жерге Төтенше жағдайлар министрлігінің 150 қызметкері жұмылдырылды.
«Баку-Грозный рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласына жақын жерде 3 шақырым жерде апатты жағдайда қонды», – делінген хабарламада.
Sputnik Әзербайжан хабарлауынша, Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан AZAL ұшағы Каспий теңізінің үстінде “SOS” сигналын берген. Одан кейін Қазақстанға бағыт алып, Ақтау әуежайында апатқа ұшыраған.
ТЖМ Командалық орталығында жедел штаб құрылды, сенім телефоны: 8/7292/319099.
Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік комиссия құрылды Оны вице-премьер Қанат Бозымбаев басқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Астанадан Ақтауға дәрігерлерді жіберіп, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Ақтау әуежайы ұшақ апатынан кейін қалыпты жағдайда жұмыс істей бастады
«Аэропорт қызметкерлерінен ешкім зардап шеккен жоқ. Бір ғана рейс кешікті», – делінген әуежайдың диспетчерлік орталығы таратқан ақпаратта.