Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров теңгенің әлсіреуі мен доллардың қымбаттауы Қазақстанда тұрғын үй бағасына қалай әсер ететіні айтты.
Үкімет отырысында журналситер премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтан доллардың күрт қымбаттауының тұрғын үй нарығына қалай әсер ететінін сұрады.
«Тұрғын үй нарығында, сыртқы қаңқа делінетін сыртқы құрылыс материалдарының бәрі – цемент, арматура – мұның барлығы бойынша біз өзімізді қамтамасыз ете аламыз. Бізде ішкі әрлеу құрылыс материалдарына қатысты мәселелер бар. Бұл бойынша да шаралар қабылдануда. Индустрия және құрылыс министрлігіне импортқа тәуелділіктен тез арылу үшін Қазақстанда арнайы әрлеу материалдары бойынша құрылыс саласын дамытудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырдық. Импорттық құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты тұрғын үй нарығында бағаның өзгеруі болуы мүмкін, мұны жоққа шығармаймыз», – деді ұлттық экономика министрі.
Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров министрліктің әлеуметтік тұрғын үй мәселесін бақылауда ұстайтынын атап өтті.
«Ол жерде біз 1 шаршы метрге шекті бағаны реттей аламыз. Сондықтан бұл жерде жағдай бақылауда болады деп ойлаймын. Нарықтық тұрғын үйге келетін болсақ, әртүрлі санаттар – бизнес тұрғын үй, элиталық немесе люкс класы, менің ойымша, бағаны нарықтың өзі анықтайды. Яғни, сұраныс болса, құрылыс компаниялары сатады. Менің ойымша, біздің құрылыс компаниялары осы жылдар ішінде маркетингті үйренді, сатуды біледі, сонымен қатар әртүрлі схемаларды ұсынады. Сатушы мен клиент бірін-бірі табады. Бұл жерде мәселе халықтың белгілі бір санатының сатып алу қабілетіне байланысты болмақ», – деді Нұрлан Байбазаров.