Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті Инстаграм әлеуметтік желісінде пайда болған видеомәлімдемеге қатысты пікір білдірді. Құзырлы орган Данияр Уайысовтың көзі жойылған лаңкестер тізіміне енгізілгенін жоққа шығарды.
Инстаграм әлеуметтік желісінде zello_aktobe тобында ақтөбеліктің видеомәлімдемесі пайда болған еді. Онда Данияр деген бозбала өзінің аты-жөнін көзі жойылған лаңкестердің тізіміне енгізгені үшін құқық қорғау мекемелері кешірім сұрасын деп талап еткен.
– Бейнежазбадағы ақтөбеліктің қолындағы суреттері бар тізімді біз әзірлеген жоқпыз және оны әлеуметтік желілерге таратқан емеспіз. Тізімде zello_aktobe тобының қолтаңбасы бар. Ақтөбеліктердің бірі бұл тізімді өздері жасап, оған Данияр Уайысовты енгізді деп ойлаймын. Біз мұндай сараптама жасамадық. Кімнің көз жұмғаны, кімнің жарақаттанғаны туралы ақпаратты журналистерге таратпадық, – деп мәлімдеді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин.