Отандық ғылымды көтеру керек, бірақ оны қалай жасау керегін ешкім білмейді дейді саясаттанушы және шығыстанушы Әділ Қаукенов. Тым ұзақ уақыт бойы ол кері кетті.
— Әділ, отандық ғылым қайғылы жағдайда деген пікірмен келісесіз бе? Әлде іс жүзінде бәрі біз ойлағандай нашар емес пе?
— Толық келісемін. Ғылым сұранысқа ие емес, сондықтан оның мәртебесі өте төмен, қалдық принципі бойынша қаржыландырылады және жаңа өнертабыс мұлдем жоқ. Тіпті Ғылым академиясында да жоқ. Қазіргі жағдайда оны үлкен апат ретінде бағалауға болады. Әрі
ғылымға қатысы жоқ адамдар, мәселен мемлекеттік аппарат қайғылы жағдайды сезінбейді де, көрмейді де
Коронавирус пандемиясы медициналық немесе білім беру саласында қандай проблемалар бар екенін нақты көрсетті.
— Сіздің ойыңызша, неге бұлай болды, себебі неде?
— Кеңес жүйесі құлады, содан бері ешкім жаңа жүйе ұсынған жоқ. Қалған ғылым біраз уақыт жұмыс істеді, бірақ қазіргі жағдайда «бұрынғысын» қайтару мүмкін емес. Ол кезде мүлдем басқа экономикалық құрылғы болды, ғылымға жоғары дәрежеде қызмет көрсетілді. Мысалы, Олар ӘӨК қажеттіліктеріне ештеңе аямады.
— Ал отандық ғылымды міндетті түрде көтеру керек пе? Әлде халықаралық әзірлемелердің көмегіне жүгінуге бола ма?
— Мұның бәрі Қазақстанның болашақта өзін қалай көретініне байланысты. Егер қазба кен орындарын жалға беруден түсетін мардымсыз ақша (себебі пайданың басым бөлігі олигархтарға тиесілі) есебінен өмір сүретін шикізат колониясы ретінде көрсе халықаралық ғылымның нәтижесіне сүйеніп өмір сүре беруге болады. Егер ол өмір сүру деңгейі жоғары дамыған мемлекет болғысы келсе, отандық әзірлемелерді дамытуымыз керек.
— Жағдайды сәл де болса өзгерту үшін «дәл қазір» бірдеңе жасауға бола ма?
— Ешқандай «керемет емдік таблетка» бере алмаймыз, себебі ғылым ондаған жылдар бойы кері кетті. Дағдарыстан шығудың нақты жоспары әлі анықталған жоқ.
— Маңызды фактор — сіз айтқан қаржыландыру. Қазір кейбіреулер ғылымның дамуына мемлекет күш салу керек дейді. Басқалары, жеке меншік иелері, корпорациялар өздерінің ғылыми зерттеу институттарын құрып, әзірлемелерін пайдалансын деген пікірде.
— Ең дұрысы, бұл симбиоз, өйткені Батыста да таза коммерциялық ғылым жоқ. Бір жағынан, теориялық ғылым бірден пайда әкелмейді. Алайда теориясыз қолданбалы ғылым иелерінің әрекет ететін мүмкіндігі де болмайды. Сондықтан олар мемлекеттік және жеке қаржыландыруды біріктіреді.
— Бірақ Қазақстанның жағдайында мемлекеттік сектор басым. Коммерциялық сектор соншалықты дамымаған және «ұзақ мерзімді» жобалармен жұмыс істей алмайды. Мәселен олар археологияға инвестиция салмайды. Бұлай болса, тарихымызды шетелдік зерттеулерге қарап жазуға тура келеді.
Мұнда тағы бір мәселе бар. Ғылым саласынан алыс мемлекеттік қызметкерлер қандай да бір бағыттың қажеттілігін түсінбейді. Сол себепті де қаржыландыруды қысқартады.
Онымен қоса тез нәтижені талап етеді. Бүгін үш тиын беріп, ертең нәтиженің болғанын қалайды. Бұл іргелі ғылымның түбіне жетеді.
Нәтижесінде біз ешқашан мінсіз тепе-теңдікті таппадық.
— Ал бізде ғылыми зерттеулер қалай қаржыландырылады? Әр жеке бағдарлама үшін ғалымдар ақша сұрай ма? Әлде белгілі бір көлемде қаржы бөліп, ары қарай өздерің біліңдер дей ме?
— Жыл сайын мемлекеттік бюджетке белгілі бір сома салынады, ол әрқашан бірдей. Одан көп бөлінбейді. Бұл ақшаны жобаларға бөлінеді, кейін нәтижесі бойынша есеп тапсырылады.
— Соманың көлемі қандай?
– Өте төмен. Қарапайым күн көріске жеткілікті. Сондықтан да бүгінде ғылымда білікті кадрлар тапшы.
Қабілетті жастардың барлығы мүмкіндік болса бірден шетелге кетеді
Ғалымның еңбегі сұранысқа ие емес, сондықтан ешқандай мүмкіндік жоқ. Батыста университет ғылымы өте дамыған. Бірақ бізде оған ұқсас ештеңе жоқ, өйткені университеттер бұған қызығушылық танытпайды. Оларға жылына студенттерді мүмкіндігінше көбірек тарту керек. Сондықтан олар аузы-мұрнынан шығып, студенттерге толы болады: таңертеңнен кешке дейін сабақ өткізеді, содан кейін миллиондаған есеп жазады, ал ғылымға уақыт қалмайды.
— Сонымен, мәселе ақшаға келіп тіреле ме? Әлде басқа да кедергілер бар ма? Егер ақша мәселесін шешсек, кадрларға қатысты проблема реттелетін шығар?
— Фундаменталды мәселелерді қысқа мерзімде ақша бөлу арқылы шешуге болады деп ойлау қате. Екі мыңыншы жылдары, мұнай саласы үлкен табыс әкеліп тұрған кезде мұндай қателікке бір рет жол берді де. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға ақша бөлсе болды бес жылдан кейін бәрі жақсы болады деп ойлады.
Кез келген, әсіресе ғылым мен ғылыми білім сияқты түйткілді сала уақытты қажет етеді. Қысқа мерзім ішінде нағыз ғалымды дайындау мүмкін емес. Ол көптеген жыл бойы өсіп, елу жасқа келгенде ғана өзін көрсете бастайды. Сонымен қатар, мыңның біреуі ғана керемет ғалым болады.
Ломоносов секілді дарын өзін-өзі үйрететін уақыты өтті, өйткені ол кезде білімнің өзі өте аз болды
Ал қазіргі білім күрделі. Ең кішкентай бөлшектің өзі — бүкіл эволюция. Сондықтан ғалымның өсуі үшін басқа ғалымның мектебінен өтуі қажет. Сол себепті де дайын рецепт жоқ.
Ғылымды қалпына келтіру — қателіктерге толы, баяу және өте қиын жол. Ең бастысы, Қазақстанда оған ешкім дайын емес.
Барлығы нәтиженің бірден болғанын қалайды
Не істеу керегін екі сөзбен айту мүмкін емес. Мұны түсіну үшін түрлі адамдардың консилиумы қажет. Бірақ ең бастысы, оған сұраныс болуы керек.
Қазір, бір жағынан, ғылымды көтеру керек екенін түсінгендей. Ал тәжірибеге келгенде, олар қаражатты ысырап етеді немесе «не үшін және кімге керегін» түсінуден бас тартады. Осындай жағдайда ресейліктерді қоспағанда, бүкіл посткеңестік елдер ғылымды жоғалтып алды.
Бастапқыда Қазақстанның әлеуеті жоғары еді. Белгілі бір деңгейде білімді халық, ғылымның деградациясы туралы алаңдаған белгілі бір адамдар да бар еді. Бірақ бұл әлеуетті қолданып жатқан ешкім жоқ.