Көкшетауда телефон алаяқтары зейнеткерді 3,8 млн теңгені «қауіпсіз шотқа» аударуға алдап көндірген. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицияның мәліметінше, 11 ақпанда ер адамға WhatsApp арқылы өзін мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар хабарласқан. Олар зейнеткердің атына тіркелген жеке кәсіпкерлікті жабу қажет екенін айтып, рәсімдеу үшін SMS-пен келген кодты сұраған.
Алаяқтарға сеніп қалған азамат 3,8 млн теңгені үшінші тұлғалардың шоттарына аударып жіберген. Тек содан кейін ғана оның алаяқтық схеманың құрбаны болғаны белгілі болған.
Қазір құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау бағытында тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Мамандар азаматтарды бейтаныс адамдарға жеке деректерін, банк картасының мәліметін және SMS-кодтарды бермеуге шақырады.