Қазақстанда жетім балалар туралы ақпараттар сақталатын республикалық деректер банкі құрылды.
Бұл қордағы деректер арқылы тағдырдың тәлкегіне түскен бүлдіршіндер мен жеткіншектердің жынысы, жасы, денсаулығы, мінез ерекшеліктері, туған-туысының бар-жоғы секілді мәліметтер көпшілікке қолжетімді болады деп хабарлайды 24.kz.
Бүгінде елімізде 30 мыңға жуық жетім бала бар. Оның 8 мыңы жетім балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленіп жатыр.
Гүлмира Күлсариева, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
– Бұл балаларды асырап аламын деген, өз отбасына патронатқа, қамқорына аламын деген азаматтар үшін осы республикалық деректер банкі құрылған. Деректер банкіндегі ақпарат Балалардың құқықтарын қорғау комитеті сайтында орналастырылады. Басты мақсат – бұл балалар үйлеріндегі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру.