Нұрсұлтан Назарбаев Лев Гумилев атындағы ұлттық университеттің ректорын қабылдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Ерлан Сыдықов Мемлекет басшысын университеттің өткен жылдардағы қызметі мен қазіргі атқарып жатқан жұмыстары жөнінде хабардар етті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустриялық даму бағдарламасы үшін біліктілігі жоғары мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.
“Елорданы Астанаға ауыстырған соң қабылданған алғашқы шешімдердің бірі осы оқу орнын құру туралы болды. Республикамыздың бас қаласымен бірге оның атағы мен абырой-беделі артып келеді. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жоғары оқу орындарының алдыңғы шебінде келеді”, – деді Қазақстан Президенті.
“Оқу орны өз деңгейін ұдайы арттырып келеді және қазіргі уақытта ол әлемдік рейтингте 345-орынды иеленіп отыр. Университетте жұмыс істейтін шетелдік оқытушылар, сондай-ақ жұмыс берушілер студенттеріміздің дайындығына жоғары баға беруде. Еуразия университеті түлектерінің жұмысқа орналасу критерийі жөнінен республикада алдыңғы орындардың бірін иеленді. Беделді QS World University Rankings халықаралық рейтинг агенттігінің (Ұлыбритания) қорытындысы бойынша, Еуразия ұлттық университеті физика пәнінен әлемнің үздік университеттерінің қатарына қосылды”, – деді Ерлан Сыдықов.
Кездесу қорытындысы бойынша Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.