Семей футболы фан-клубының жетекшісі, ақсақал Саясат Сәрсенбинов Қазақстан футболына 100 жыл толуына орай Семей қаласында өткізілген шараға отандық футбол федерациясы басшыларының бірде-бірі келмегеніне қынжылыс білдіріпті.
– Жақында бірнеше жанкүйермен бірге Астанадағы Қазақстанның Футбол федерациясына бардым. Жазылдым. Мені Федерация басшысы қабылдамады.
Ол мені Семейде көрген, мына ақбас шал керегі жоқ, миымды шірітеді деген болу керек.
Қазақстан футболына 100 жыл толуы Семей қаласында аталып өтілгенде, Футбол федерациясының барлық басшылығын шақырдық. Мәскеулік «Спартак», Киевтің «Динамосы», Тбилисидің «Динамосы», қазанның «Рубинінен», өзіміздің «Қайрат», «Елім-ай» сынды клубтардың ардагер футболшылары барлығы келді.
Өзім шараны ұйымдастыру жөніндегі қоғамдық қордың жетекшісі ретінде тойдың басы-қасында жүгіріп жүрдім. Шақырған қонақтарымыздың барлығы келді, Сейілда Байшақов, Катковтар да келді, оларға үлкен алғыс.
Алайда, Футбол Федерациясының бірде-бір басшысы Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойына келген жоқ.
Олар тірі болса, 200 жылдығына келетін шығар.