Астана қаласының ауыл шаруашылық басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарын мал шаруашылығы өнімдерін сатып алу кезінде сақ болуға шақырады.
Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қауіпсіздік мақсатында рұқсат етілмеген жерлерден ет, сүт өнімдерін сатып алмауға кеңес береміз. Сауда нысандарында мал шаруашылығы өнімдерін сатып алу кезінде оның денсаулық үшін зиянсыз екендігіне көз жеткізу керек. Сатып алушыларға сатушылар ветеринарлық сертификат пен зертханалық сынақтардың қорытындысын көрсетуге міндетті», – деп жазылған әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ветеринарлық дәрігерлер малды соймас бұрын оны алдымен тексереді, содан кейін зертханалық сараптаманың нәтижелері жазылған ветеринарлық анықтама береді. Малды ветеринарлық-санитарлық талаптарды сақтай отырып, тек рұқсат етілген жерлерде ғана сою керек. Қазіргі кезде Астанада мал союға арналған үш орын бар.