Павлодар облысының Ақсу қаласындағы Астана көшесінде жылу магистралін жаңарту жұмыстары аяқталды. Қаладағы алты шағын ауданның үйлеріне жылу дәл осы желі арқылы барады. Құбырлар жаңартылғаннан кейін 23 мың тұрғын үшін қысқы маусымы бірқалыпты өтуі тиіс. Енді қыстың қақаған аязды күндерінде құбырдың жарылуы, апатты жағдайда жылудың өшіп қалуы сияқты қауіп-қатер туындамайды, деп хабарлайды ЭКСЖ жобалық кеңсесі.
Бұл жылу магистралі сонау 1970 жылы салынған. Бұл учаскедегі соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 20 жыл бұрын жүргізілген. Көп жылдар бойы жер асты суларының әсерінен құбырлардың темірі шіріп, тоза бастаған. Жөндеу жұмыстары басталғанға дейін бұл нысан 80% тозып, істен шығуға шақ қалған еді.
Оның жағдайы жылыту маусымының тұрақтылығына тікелей әсер етті. Тек соңғы үш жылда ғана учаскеде 16 зақымдану тіркелген, оның ішінде 9-ы қысқы кезеңде болған.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында диаметрі 600 мм 0,365 км жылу магистралі толығымен ауыстырылды, сондай-ақ 5 жылу камерасы жаңартылды.
Құрылысқа толығымен 100% қазақстандық тауарлар және ылғалға төзімді заманауи оқшаулағышы бар құбырлар пайдаланылды. Бұл құбырлардың қайтадан зақымдану қаупін азайтып, үйлерге жылудың сапалы әрі үзіліссіз берілуін қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта мамандар жылу желісі өткен жерлерді ретке келтіріп, айналаны абаттандырумен айналысып жатыр.
Жобаны жүзеге асыруға 602 млн теңге бөлінді.