Атырауда тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт апатты түрде төмен түсіп, үш адам ауруханаға жеткізілді. Оқиға 5 қазан күні Құлманов көшесіндегі «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінің «Б» блогында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, лифт кабинасында төрт адам болған. Үш тұрғын медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы қанағаттанарлық. Төртінші тұрғын дәрігер көмегінен бас тартқан.
Лифттің апатты түрде төмен түсуіне не себеп болғаны әзірге белгісіз. Оқиға орнына Атырау әкімі Данияр Таханов барды.
Әкімдік мәліметінше, қала әкімі жауапты қызметтерге оқиғаның себептерін жедел анықтауды және қаладағы көпқабатты үйлердегі лифтілердің техникалық жағдайын толық тексеруді тапсырды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.