Белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлиев шетелден ән ұрлайтын әріптестерін сынады.
Бұл туралы Астана арнасының “Ел аузында” бағдарламасында айтылды.
«Ұлы тұлғалардың әні түгіл тақырыптары бір-бірінікіне ұқсамайды. Мысалы, Нұрғиса Тілендиевте әже туралы ән бар, ал Шәмшіде жоқ. Шәмшіде ана туралы ән болса, Тілендиевте керісінше жоқ», – дейді Қалдыбек Құрманәлиев.
«Бүгінгі кеште «Студенттік кеш» әнін Арайлым Рахымқызы орындады. Аталған туындыны осы күнге дейін ешкім орындап көрген емес. Ол бірінші рет орындалып отыр. Ал Шәмшінің өмірден озып кеткеніне 25 жыл болды»
– дейді ол.
Сазгердің айтуынша, Шәмші мәтінге көп көңіл бөлген. Алайда қазіргі буын әріптестері туралы бұлай деп жақсы сөз айта алмайды.
«Қазір әнді интернеттен ұрлайды. Көбісі тиын-тебен табу мақсатында тойға арнап жазады. Жағдайымды жасап, көлік мінсем, үй салсам деп ойлайды. Біздің замандастарымыз шетелден ән ұрлап жатқан кезде «Тойға барып жағдайын жасап алсын. Артынша қоятын шығар» деп айтатынбыз. Бұл сөзіміз бекер екен. Жағдай, тіпті, ушығып кетті. Үсті-үстіне ұрлай түсті. Өзіне сенімсіз адамдар «Барлығы 7 нота. Сол себепті, әндер өзара ұқсайды» деп түрлі әңгіме айтады. Қазір өнерде «жезөкше» сазгерлер көбейді. Олар ұят деген қасиеттің не екенін ұмытқан», – дейді Қалдыбек Құрманәлиев.
Дереккөз: Stan.kz