Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайда G-20 саммиті аясында АҚШ президенті Барак Обамамен кездесті.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Обама мемлекет басшысымен өзінің президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де, «тығыз қарым-қатынас» орнатуға дайын екенін білдіріп, Назарбаевты АҚШ-тың «жақсы досы» әрі «сенімді әріптесі» деп атаған.
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен «Үлкен жиырмалық» саммиті аясында Қазақстан президенті бірнеше елдердің жетекшілерімен, солардың ішінде Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй және Канада премьер-министрі Джастин Трюдомен кездескен.
Сонымен бірге Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путин, Франция президенті Франсуа Олланд, Германия канцлері Ангела Меркель, Түркия президенті Режеп Эрдоған және өзгелермен әңгімелескені туралы хабарланды.