Азаматтық белсенділер мен бірқатар саяси күштердің өкілдері Қырғызстан Конституциясына өзгертулер енгізу туралы бастамаға қарсы қол жинай бастады.
Бастамашыл топтың өкілдері референдум арқылы президент Алмазбек Атамбаев қызметтен кеткен соң да саяси ықпалын сақтап қалғысы келеді деп есептейді. Бірақ мемлекет басшысы мұндай болжамдарды жоққа шығарып, конституциялық реформалар Ата заң ережелерін тәртіпке келтіруді ғана көздейді деп түсіндірді. Қырғыз Конституциясының әкесі делінетін Омурбек Текебаевтың мәлімдеуінше, басты заңға өзгерту енгізу жобасы билік тармақтарының тепе-теңдігін бұзады.
Заңға өзгерту енгізу жобасын жұмыс тобы дайындаған, одан соң конституциялық кеңесте талқыланған. Бірақ көптеген саясаткерлер жобаны нақты кімдер және қайда отырып әзірлегенін білмейді.
– Жобада биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының өзара қарым-қатынасының жаңа тәртібі жазылған: парламент үкіметті отставкаға жіберу үшін, бұл шешімді дауыстардың кем дегенде үштен екісі қолдауы керек. Ал министрлер кеңсесі болса парламентке сенімсіздік вотумы туралы мәселе көтере алады. Бұл дегеніңіз – заң жобасын әзірлеген үкімет оның мақұлдануын парламенттен талап ете алады дегенді білдіреді. Заң жобасы өтпей қалған жағдайда, министрлер кеңсесі президентке жүгінеді, ол парламентті немесе үкіметті отставкаға жіберу мәселесін шешеді. Жобада үкіметтің билігін өсіріп қана қоймай, оның парламентке үстемдігін күшейтетін ережелері бар. Бұл енді ғана нығайып келе жатқан Жогорку Кенешті әлсіретіп жібереді, – деп есептейді Омурбек Текебаев.