Ақтөбе облысында жыл басынан бері 2 мың ірі қара мен 800-ден астам ұсақ малдан бруцеллез анықталды. Сарып ауруы анықталған малдың барлығы ет өңдеу цехтарына жіберіліп, ауру жұқтырған 16 адам емделді.
Бұл туралы облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева айтты деп хабарлайды Bnews.kz.
– Биыл облыста 16 адам сарып ауруын жұқтырды. Үшеуінің жасы 14-ке толмаған. Тексеру кезінде 13 жағдайда адамдарға сарып ауруы ірі қара және ұсақ малдан жұққаны анықталып отыр. Ал өзге үшеуінің қалай бруцеллез дертіне шалдыққаны әлі күнге дейін белгісіз,- дейді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
– Қазіргі кезде Ойыл, Мәртөк, Темір мен Хромтау аудандарындағы көрсеткіш облыстық деңгейден жоғары. Ал сарып ауруы анықталған мал иелері серологиялық әдіспен тексеріліп, олардың 200-інде оң нәтиже байқалды. Адамдардың барлығы медициналық бақылауға алынды,- дейді Нұрсұлу Беркімбаева.