Беларусь Республикасынан құқық құрылымы қызметкерлері қазына ақшасын жымқырған ел азаматтары – Владимир Ахмадиев пен Әлібек Байбосыновты Қазақстанға алып келді.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлайды.
ҚР Бас прокуратурасының сұранысына сәйкес, Беларусь Республикасының Бас прокуратурасы аса ауыр мөлшерде алаяқтық жасағандығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі іздеу салған Владимир Ахмадиевті беру туралы шешімді қабылдады.
Сонымен бірге, Беларусь Республикасының Бас прокуратурасы 33 жастағы Қазақстан азаматы Әлібек Байбосыновты Беларусь Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабының 4-бөлігі (денеге ауыр зақым келтіру) бойынша 2014 жылдың 23 желтоқсанында Беларусь соты белгілеген жазасын одан әрі өтеу үшін Қазақстанға беру туралы шешім қабылдады.
Байбосынов жазасының қалған мерзімін ұлттық заңнамаға сәйкес Қазақстанның түзеу мекемесінде өтейтін болады.
Қазіргі уақытта экстрадицияланған тұлғалар Астана қаласының тергеу абақтысына қамауға алынды.