ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті 2016 жылдың қазан айында Алматы қаласында «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты шетелде тұратын және тәуелсіздіктен бері елге оралған қазақ жастарының өнер фестивалі аясында сурет көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.
Шараға бейнелеу өнері түрлері саласында шығармашылық шынайы туындыларын шыңдап жүрген шетелдегі қандас жастарымыз бен оралман қазақ жастары қатыса алады.
Көрмеге қатысу шарттары:
1. Суретшінің жас шамасы 18-35 жас аралығында болуы тиіс;
2. Автордың өмірбаяны, толық мекен-жайы және оқу орны, жұмысы, телефоны көрсетілуі керек;
3. Кескіндеме шығарма көлемі 100×150 см-ден кем болмауы немесе аспауы тиіс (материалдары: майлы бояу, гуашь, акварель, кенеп, картон, ақ қағаз);
4. Графикалық шығарма көлемі 40×90 см (материалдары: офорт, линогравюра, гравюра, литография т.б.) көркемдік деңгейі талапқа сай, тақырыпқа мейлінше лайық болуы тиіс.
Әрбір автордың көркем шығармасы талапқа сай безендіріліп (багет), саны 5-7-ден аспауы керек.
Суретшілер өздерінің толық аты-жөні, өмірбаяны, байланыс телефондары, тұрғылықты мекен-жайын көрсетіп, хат жазуы керек. Ұйымдастырушылар авторларға өздері көрсеткен байланыс телефондары арқылы хабарласады.
Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.