Ағымдағы жылдың ақпанында «Атырау-Кутаиси» бағытындағы халықаралық әуе рейсіне өту барысында Грузия азаматынан 100 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша анықталған.
Оның қол жүгінде 10 мың АҚШ доллары, жол жүгінде 90 мың АҚШ доллары мөлшерінде жасырылған қаражат болған. Жасырынған ақша заң бұзушының жол жүгінде Атырау облыстық «Әуежай-Атырау» кеден бекетінің қызметкерлерімен кедендік бақылау жүргізу барысында анықталды.
Күшіне енген сот шешіміне сәйкес, 90 мың АҚШ доллары мемлекет пайдасына тәркіленді, қалған 10 мың АҚШ доллары Грузия азаматына қайтарылды.
Сондай-ақ, одан 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл өндірілген.
Егер ЕАЭО кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе ЕАЭО кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезінде мұндай қолма-қол ақша қаражатының немесе жол чектерінің жалпы сомасы кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларацияны ұсынған күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері кедендік декларациялауға жатады.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 “Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы” Жарлығына сәйкес 10 мың АҚШ долларынан асатын сомада қолма-қол шетел валютасын әкетуге тыйым салынған.