Оның айтуынша, қазір нан бағасы тым арзан.
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мейрамбек Дөненбаев ауылшаруашылығы өнімдері бағасы өсіруді ұсынды. Халық қалаулысының сөзінше, нан 500 теңге болуы керек. Ол ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың басты тетігі – бағаның өсіру деп санайды.
«Шынымды айтсам, нан өте арзан. Нанның құны 500 теңгеден кем болмауы тиіс. Мен өзім ауылшаруашылық тауарын өндірушімін. Менің бидайым қазір 100 теңгеден де өтпей жатыр», – деді депутат.
Дөненбаевтың ойынша, сол кезде ауылдың жағдайы жақсарады. Ал 500 теңгені халықтың қалтасы көтереді.
«Көтереді, әбден көтереді. Қазір кез келген тойханада, кез келген қоқыста тек нан жатады. Өзім нанды 110-120 теңгеден алып жүрмін, сүтті 300-350 теңгеге аламын», – деді ол.
Дөненбаевтың әріптестері бұл пікірге мүлдем келіспейді. Мәслихат депутаты Бақытжан Қалымбетовтің айтуынша, дотациялық облыстарда нан 120 теңге тұрады. Ал халық қалаулысы Жұмахан Еркебаев нанның 500 теңге болғанына қарсы.