Рио-2016: жарыстың алтыншы күнін қазақстандық спортшылар медальсіз қортындылады

35 просмотров

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының алтыншы күні де қортындыланды.

Бұл күні қазақстандық спортшылардың ешқайсысы медаль алмады. Негізінен, дзюдошы Максим Раковтан жүлде күтілген еді. Ол алғашқы кездесуінде эстониялық Григорий Минашкинді жеңген.

Бірақ, өкінішке қарай, ол күтпеген жерден 1/8 финалда чехиялық Лукаш Крпалектен жеңіліп қалды. Бәрінен өкініштісі, Максимнің қарсыласы оны ескерту белгісімен ғана ұтқаны. Әйтпесе екеуі де белдесудің соңына дейін ұпай жинай алмады.

Сонымен қатар, Риода түнде төрт бірдей боксшымыз шаршы алаңға көтерілді. Төртеуінің үшеуі қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, келесі кезеңге жолдама алды.

56 келі салмақта өнер көрсеткен Қайрат Ералиев әзербайжандық Джавид Челебиевтан айласын асырды. Есеп — 3:0.

Екінші шаршы алаңға көтерілген 64 келідегі боксшымыз Абылайхан Жүсіпов британиялық Пат Маккормактан жеңілді.

Үшінші боксшымыз 69 келіге дейін салмақта жекпе-жекке шыққан ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов ұлыбританиялық Джош Келлиді ұтып, ширек финалға жолдама алды.

Сонымен қатар Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов 1/8 финалда беларусь боксшысы Михаил Долголевецтан айласын асыра білді.

Сондай-ақ, 50 метрден пневматикалық винтовкадан оқ ату сайысында сынға түскен Елизавета Король финалға өтетін қажетті ұпайды жинай алмады. Ол іріктеу кезеңінде 575 ұпай жинап, 24-ші орынға табан тіреді.

Сонымен Қазақстан құрамасы бүгін жалпы командалық есепте кешегі орыннан бір сатыға төмен сырғып, 12-орында тұр.

Загрузка...